Тарихтың үнсіз куәгері саналатын құжаттар арқылы ұрпақ санасы жаңғырып, уақыт пен тағдыр сабақтастығы айқындалады. Осы тұрғыдан алғанда, Сәтбаев қаласының мемлекеттік архиві өңірдің қоғамдық-саяси, әлеуметтік-мәдени дамуын айғақтап келеді. Биыл құрылғанына 35 жыл толған мекеменің өткені мен бүгіні қалай еді, болашағы туралы не айтуға болады? Міне, төмендегі әңгіме осы сұрақьтарды арқау етеді.
Сұхбаттасымыз - мекеме директоры Аян ЖЫҢҒЫЛБАЕВ.

- Аян Әшімұлы, Сәтбаев қаласы мемлекеттік архивінің қаланың шежіресін жүйелеп, тарихи мұраны сақтап, келер ұрпаққа жеткізу жолындағы үлесі шексіз. Әңгімені мекеменің құрылған тұсынан бастасақ...
- Көпшілік үшін архив сөреде шаң басқан қағаздар сақталатын тыныш мекеме секілді. Бірақ уақыттың үнін, бейнесін, тіпті тынысын біз осы жерден сезінеміз. Бұл жолда Сәтбаев қаласы мемлекеттік архивінің орны ерекше. Сәтбаев қаласы халық депутаттары Кеңесі мен атқару комитетінің 1991 жылғы 17 қаңтардағы № 2/18 шешіміне сәйкес жеке құрам бойынша шаруашылық есептегі бөлімше ретінде құрылды. Архив тек құжат сақтайтын мекеме емес, мемлекеттің тарихи жады болып табылады. Сондықтан архив саласында қызмет ету үлкен жауапкершілік пен кәсіби адалдықты талап етеді. Осы жолда аянбай тер төккен мықты мамандар әр жылдары абыройлы қызмет етті. Қалыптасу кезеңінде тұңғыш директор болған Айсұлу Тұяқбаева мекеменің іргетасын қалады. 1994 жылы директор болып Александра Банникова келді. Ол 2002 жылға дейін архив ісін дамытуға өз үлесін қосты. 2002 жылы Төлендина Айгүл Қосманқызы басшы болған тұста мекемелер мен кәсіпорындардағы ведомстволық мұрағат құжаттарын мемлекеттік архивке қабылдау, құжаттарды сақтау мен есепке алу жұмыстары жүйелене түсті. 2016–2017 жылдары Асылхан Сәдуақасов, ал, 2018–2020 жылдар аралығында Жаңбырбай Дәрібаев архив директоры қызметін атқарды. 2020–2024 жылдары бұл жауапты міндетті Гүлнара Байғазиева абыроймен атқарып, архив қызметін заман талабына сай дамыту бағытында бірқатар жұмыстар жүргізді.
2025 жылдың қаңтар айынан бастап Сәтбаев қаласының мемлекеттік архивіне басшылық ету маған жүктелді. Мекеме 5 қабатты қалалық ұйымдар үйі ғимаратының 3-қабатында орналасқан. Жалпы ауданы 399,84 шаршы метрді құрайды және құжаттарды сақтауға арналған 4 арнайы қоймамен қамтамасыз етілген. Қоймалар заманауи талаптарға сай темір сөрелермен жабдықталып, өрт қауіпсіздігі дабылы мен өрт сөндіру құралдары орнатылған.
- Архив қорындағы құжаттар қай ғасырдан бастау алады?
- Бізде ХХ ғасырдың 1930 жылдарынан бастап жинақталған құнды тарихи құжаттар сақтаулы. Бұл құжаттар қаланың әлеуметтік-экономикалық, мәдени және қоғамдық өмірінің әр кезеңін қамтиды. 1993 жылы небәрі 51 қор, 2 175 сақтау бірлігі болған болса, бүгінгі таңда айтарлықтай ұлғайып, 190 қорға, 78 541 сақтау бірлігіне жетті. Бұл көрсеткіштер архив жұмысының жүйелі түрде жүргізіліп, құжаттарды жинақтау мен сақтау ісінің тұрақты дамып келе жатқанын айғақтайды.
Қазіргі кезде Қазақстан Республикасының «Ұлттық архив қоры және архивтер туралы» 1998 жылғы 22 желтоқсандағы Заңын жүзеге асыру аясында архив ісін дамыту бағдарламасына сәйкес жұмыс жасаудамыз.
- Архив саласының негізгі мақсаты қандай?
- Тарихи құжаттарды сақтау, жүйелеу және қоғам игілігіне ұсыну басты мақсатымыз. Бұл бағыттағы жұмыстар үздіксіз жалғасуда.
Қазақстан Республикасында архив саласы архив ісін реттейтін заң актілері аясында үш негізгі бағыт бойынша жүзеге асырылады. Олар – мекемелердегі құжаттардың толықтығы мен сақталуын қамтамасыз ету, тарихи маңызы бар құжаттарды іріктеп мемлекеттік сақтауға қабылдау және оларды мемлекет пен қоғам игілігіне пайдалану.
Сонымен қатар, архив қорын жеке текті құжаттармен толықтыру бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бұл бағыттағы жүйелі іс 2002 жылдан бастап қолға алынып, бүгінгі күнге дейін нәтижелі жалғасуда. Қазіргі таңда жеке текті құжаттардың 8 қоры сақтаулы. Сонымен бірге «Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагерлері», «Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы», «Жауынгер-интернационалист», «Еңбек сіңірген кенші» секілді тақырыптық құжаттар топтамалары қалыптастырылған.
Жалпы алғанда, 40 қор иегеріне тиесілі 1 436-ға жуық сақтау бірлігі архив қорын құрайды. Олардың қатарында қазақ ғылымының алып тұлғасы, академик Қ.Сәтбаевтың, мәдениет қайраткері Ш.Ділдебаевтың, Ұлы Отан соғысының ардагерлері Ж.Үншібаев, Ш.Байбосынов, Б.Сүлейменов, А.Аманжолов, Д.Тоғай, К.Досанов, Т.Мулаховтың құжаттары бар.
Сондай-ақ, қаламыздың Құрметті азаматтары М.Аханов, Ш.Бейсенбекова, Я.Асатов, М.Тілеу, М.Бекмағанбетова, М.Мадиева, Ж.Аймторин, И.Бралин, М.Смағұлқызы, М.Бабырқызы, денсаулық сақтау саласының ардагері М.Омарұлы және өзге де елге еңбегі сіңген тұлғалардың құжаттары сақтаулы. Бұл қорлар Сәтбаев қаласының тарихын, ел дамуына үлес қосқан азаматтардың өнегелі жолын келер ұрпаққа жеткізетін баға жетпес рухани қазына болып табылады.
– Архивтік материалдарды пайдалану мүмкіндігі қандай деңгейде?
- Иә, бұл архив ісін дамытудың басым бағыттарының бірі болып табылады. Осы ретте Сәтбаев қаласының мемлекеттік архивінің қызметкерлері тарихи құжаттарды негізге ала отырып, әртүрлі тақырыптарда жинақтар, кітаптар мен фотоальбомдар әзірлеп, жарыққа шығарды.
Атап айтқанда, Ұлы Отан соғысының 60, 63 және 65 жылдық мерейтойына орай «Никто не забыт, ничто не забыто», «Ұлы Жеңіске – 63 жыл!», «Жүрек толғауы» атты тарихи-танымдық жинақтар басылып шықты. Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған «Жалынды жылдар зердесі» кітабы жарық көрді. Сәтбаев қаласының 35 және 45 жылдық мерейтойы қарсаңында «Сәтбаев қаласы» энциклопедиясы, фотоальбомы, «Сәтбаев қаласы: 40 жылдық белес» атты кітап оқырман қауымға ұсынылды. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай «Тәуелсіздік пен жасампаздықтың 20 жылы» атты Сәтбаев қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған жинақ әзірленді. Қаланың тарихи-мәдени кеңістігін таныту мақсатында «Сәтбаев қаласының көшелері» атты анықтамалық басылым шығарылды. Ауғанстан соғысына қатысқан кеңес әскерлерінің елге оралуына арналған «Тағзым және құрмет» фотоальбомы мен Сәтбаев қаласының мемлекеттік архивінің 30 жылдығына арналған «Дәуір, уақыт, тұлға» атты фотоальбом жарық көрді. Ұлттық тарихты ұлықтау мақсатында Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Өшпес тарих тағылымы», көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Әлихан Бөкейхановтың туғанына 150 жыл толуына арналған «Алаштың арысы, қазақтың намысы – Әлихан Бөкейханов», «Алаш қозғалысына 100 жыл: тарих тағылымы» атты жинақтар басылып шығарылды. Сәтбаев қаласының 45 жылдығына арналған «Сәтбаев – достықтың қаласы» және академик Қ.Сәтбаевтың туғанына 120 жыл толуына арналған «Сәтбаев – тұлға, патриот, ғалым» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияның материалдар жинағы жарық көрді.
Бұл басылымдардың архивтік құжаттардың ғылыми-танымдық әлеуетін арттырып қана қоймай, Сәтбаев қаласының тарихын кеңінен насихаттауға, ел жадындағы маңызды кезеңдер мен тұлғаларды ұрпақ санасына сіңіруге зор үлес қосқаны анық.
Бұдан бөлек, 2014 жылы Сәтбаев қаласының мемлекеттік архивінде аса құнды құжаттарға ғылыми сараптама жүргізілді. Соның айқын дәлелі ретінде қала архивінде сақтаулы 1929–1940 жылдар аралығында латын графикасында жазылған құжаттарды атап өтуге болады (2-қор, 1-тізбе, 5-іс, 8–9-беттер). Аталған құжаттар өңір тарихының ерте кезеңдеріне қатысты маңызды дереккөз болып табылады.
- Ғылыми - ағартушылық бағытта белсендісіздер ме?
- Әрине. Архив қызметкерлерінің ұйымдастыруымен ауқымды ғылыми-тәжірибелік конференциялар, «дөңгелек үстелдер», құжаттық көрмелер өткізіліп, жас ұрпаққа арналған тарихи сабақтар жүйелі түрде ұйымдастырылуда.
Атап айтқанда, Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Өшпес тарих тағылымы» ғылыми-тәжірибелік конференциясы, Ә.Бөкейханның туғанына 150 жыл толуына орай «Алаштың арысы, қазақтың намысы – Әлихан Бөкейханов» атты ғылыми-теориялық конференция, «Алаш қозғалысына 100 жыл: тарих тағылымы» конференциясы, Сәтбаев қаласының 45 жылдығына арналған «Сәтбаев – достықтың қаласы» ғылыми-тәжірибелік конференциясы, академик Қ.Сәтбаевтың туғанына 120 жыл толуына арналған «Сәтбаев – тұлға, патриот, ғалым» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция және Алтын Орданың 750 жылдығына арналған «Қазақ хандығының алтын бесігі» атты аймақтық ғылыми-теориялық конференция жоғары деңгейде өткізілді.
Сәтбаев қаласының мемлекеттік архиві ҚР Мәдениет және спорт министрінің 2022 жылғы 18 қарашадағы № 329 бұйрығымен бекітілген «Архивтік анықтамаларды, архивтік құжаттардың көшірмелерін немесе архивтік үзінділерді беру» мемлекеттік қызмет көрсету қағидаларына сәйкес халыққа сапалы әрі қолжетімді қызмет көрсетуді жалғастыруда.
Осы жылдар аралығында келіп түсетін өтініштер саны да айтарлықтай артты. Мәселен, 1993 жылы бар болғаны 10 әлеуметтік-құқықтық өтініш түскен болса, қазіргі таңда 2 099 жетті. Оның ішінде 2 040-ы әлеуметтік-құқықтық, ал, 59-ы тақырыптық өтініштерді құрайды. Шет мемлекеттерден келіп түсетін сұраныстар санының артуы архив қызметінің маңызын айқындай түседі.
Халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру мақсатында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Ұлытау облысы бойынша филиалының халыққа қызмет көрсету жөніндегі бөлімнің бас мамандарымен, адвокаттар мен нотариустардың қатысуымен «Архивтік анықтамаларды, архивтік құжаттардың көшірмелерін немесе архивтік үзінділерді беру» тақырыбында семинарлар ұйымдастырып келеді.
- Архив саласын жаңа сапалық деңгейге көтеру үшін не істеу керек?
- Болашақта архив қорындағы мәліметтерді толықтай цифрландыру бойынша бірқатар ауқымды жобаларды жүзеге асырмақпыз. Жиналған құжаттарды цифрлық форматқа көшіру нәтижесінде зерттеушілер мен көпшілік үшін ақпаратқа қолжетімділік мүмкіндігі молая бермек.
Бүгінгі күні «шаң басқан архив» ұғымы өткеннің еншісінде қалды деуге болады. Қазіргі архивтерде көптеген деректер цифрлық жүйеге көшіріліп, заманауи талаптарға сай сақталуда. Дегенмен, қағаз түріндегі түпнұсқа құжаттардың тарихи және рухани құндылығы айрықша. Олардың орнын ешбір технология алмастыра алмайды.
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне архив ісі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңның қабылдануы архив саласын жаңа сапалық деңгейге көтеруге жол ашты. Аталған өзгерістер мен толықтырулар архив құжаттарын электрондық форматқа көшіруге, олардың қолжетімділігін қамтамасыз етуге және электрондық архивті тиімді басқаруға мүмкіндік беріп отыр.
Қазіргі таңда қағаз түріндегі құжаттарды электрондық форматқа көшіру жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Мыңдаған, тіпті миллиондаған құжаттарды бір мезетте цифрландыру мүмкін емес. Бұл үдерісте тиянақтылық, реттілік, ұстамдылық пен жоғары жауапкершілік керек.

- Цифрландыру барысында қиындықтар туындаған жоқ па?
- Онсыз болмайды ғой. Бұл бағытта бірқатар объективті мәселелердің бар екенін де ескерген жөн.
Мәселен, архив қорында сақталған құжаттардың ішінде Кеңес өкіметіне дейінгі кезеңге тиесілі аса құнды материалдар бар. Бұл құжаттардың басым бөлігінде қайырма парақтар кездеседі, көлемі мен пішіні әртүрлі. Осындай ерекшеліктер олардың барлығын қысқа мерзім ішінде толық цифрландыруға мүмкіндік бермейді.
Осы орайда цифрлау үдерісінде қойылатын талаптар күшейтілуі тиіс және жұмысты жеделдету мақсатында асыра сілтеуге жол берілмеуі қажет. Әрбір құжаттың тарихи, құқықтық және ғылыми құндылығы ескеріле отырып, цифрландыру сапасы бірінші кезекте тұруы тиіс.
Құжаттарды алу, пайдалану және жариялау барысында мемлекеттік қауіпсіздік мәселесі әрдайым басты назарда болуы қажет.
«Бірыңғай электронды архив» бағдарламасы аясында өткен жылы 1 209 құжат цифрландырылып, жалпы саны 119 921 парақ сканерленді. Бұл көрсеткіштер архив саласында цифрландыру жұмыстарының жүйелі түрде жүзеге асып жатқанын көрсетеді.
Бүгінгі таңда барлық мекемелер халыққа электронды форматта қызмет көрсетуді негізгі бағытқа айналдырды. Бұл – уақыт талабы. Электронды жүйені қалыптастыру мемлекет үшін де, архив қызметі үшін де тиімді. Аталған жүйе толық іске қосылған жағдайда азаматтар қажетті архивтік деректерге үйінен шықпай-ақ сұраныс жолдап, тиісті құжаттармен танысу мүмкіндігіне ие болады. Бұл, ең алдымен, адам уақытын үнемдеудің және қызмет сапасын арттырудың ең қолайлы жолы.
- Нәтижесі қандай болады деп ойлайсыз?
- Біз мұны елдің зияткерлік әлеуетін арттыруға, тарихи мұраны сақтауға және қоғамды ақпараттандыруға бағытталған маңызды қадам деп бағалаймыз. Цифрлық архив – тек техникалық жаңғыру ғана емес, ұлт жадына жасалған инвестиция.
Ендігі міндет – осы мүмкіндікті барынша тиімді пайдаланып, бағдарлама аясында әлемнің әр түкпірінде сақталған тарихи жәдігерлерімізді жинақтау, оларды ғылыми айналымға енгізу және ел игілігіне жарату. Бұл бағыттағы жобалар келер ұрпақ алдында атқарылған үлкен әрі жауапты іс болары сөзсіз.
- Әңгімеңізге рахмет!
Мейрамгүл САЯЖАН.




