Мен Қаламқасты білгелі оншақты жыл болып қалды. Ол «Аяулым» атты қоғамдық бірлестіктің төрағасы еді. Мен «Шындық» қоғамдық бірлестігінің төрағасы ретінде Үкіметтік емес ұйымдарды дамыту туралы Қаламқастың ойларына, ұсыныс-пікірлеріне қызыға қарайтынмын. Маған оның осы саланың ішкі иірімдерін жақсы білетіні ұнайтын. Шетелдік ұйымдардың грантын жеңіп алып, Сәтбаевтың жастарына жұмыс тауып бергені есімде. «Шындықтың» жұмысын жүргізуге көп көмегі тиді. Кейін мемлекет қызметіне араласты. Абыройсыз болған жоқ. Жұмысты ұйымдастыра да, ұжымды ұйыстыра де білді.
Енді міне, жаңа қызметтің тізгінін ұстады. Сәттілік болсын!
- Бұл мен үшін жай ғана қызмет емес, аймақ мәдениетіне, рухани құндылықтарға және осы салада еңбек етіп жүрген жандарға артылған үлкен жауапкершілік. Мәдениет орталығы — тек іс-шаралар мен сахна ғана емес. Ол — ұлттың жадын сақтайтын, тілді, дәстүрді, рухани сабақтастықты жалғайтын маңызды кеңістік. Тәжірибе мен жаңа идея тоғысатын, қоғамды біріктіріп, болашаққа жол ашатын орта. Көрсетілген сенім үшін алғысымды білдіремін. Кәсіби ұжыммен бірлесе отырып, мәдениет саласын дамытуға, жаңа жобалар мен бастамаларды жүзеге асыруға бар күш-жігерімді саламын - деп жазған екен Қаламқас әлеуметтік желіде. Нақ солай болатынына еш күмәнім жоқ. Ұлытау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Мағжан Табылдин бауырымыз маман таңдаудан қателеспеген екен.
Іске сәт, ендеше!

Абдолла Нұртауұлы




