Ел Президентінің «Түркістан» газетіне берген сұхбатындағы мерзімді басылымдар жөніндегі сөзін оқып, қатты тебірендім. Өйткені, қазір жастар түгілі ересектердің арасында да, «қолдағы телефоннан не керектің бәрін оқуға болатын заманда, газет – журналдың керегі не?» дейтіндер аз емес. Мұндайда әрине, пікірлесуге, түсіндіруге де тура келеді.
Президент сұхбатында « Өз басым мерзімді баспасөзді жас кезімнен үзбей оқитыным рас. Әлі күнге дейін осы әдетімнен жаңылған емеспін» деген екен. Керемет емес пе? Көпке үлгі ғой бұл дегеніңіз. Қасым – Жомарт Кемелұлы «Мен сүйікті Отанымыздың игілігі үшін барлық салада табысты еңбек етіп жүрген мықты азаматтар туралы мәліметтерді көбінесе газеттерден аламын» депті. Шынында да, газет – журналдардағы сөз – тасқа басылған, ешқашан құнын жоймайтын сөз. Тіпті, егер газеттегі сын мақала шын болса, мұның да қоғамға пайдасы зор. Сондықтан, сөзін жел ұшырып әкетпейтін мерзімді басылымдардан қол үзбеу керек. Керісінше, қолдап отырғанымыз жөн. Бұл турасында Президенттің «Қоғамымыз елең етерлік жаңалық оқып, бейнежазба көрумен шектелмей, мән-мағынасы терең ақпараттың да қадірін білгені дұрыс деп санаймын» деген сөзіне қалайша қосылмайсың?! .
Мен «Жомарт» кенішінде еңбек етемін. Негізгі кәсібім – кеншілік болғанмен, халықты газет –журналдарға жазылуға үгіттеуді өз еркіммен қалап алған қоғамдық жұмысым деп білемін. Жыл сайын баспасөзге жазылу науқаны кезінде ең алдымен өзім жазыламын да, сосын көпшілікті үгіттеймін. Нәтиже жаман емес. Кейде демеушілік танытып, басқалардың газетке жазылуына ықпалым да тиіп жатады.
Мысалы, биыл Теректі ауылындағы біршама ұстаздарыма «Аймақ ақшамы» газетін жаздырдым. №3 Теректі кітапхана филиалында 20 жылдан астам кітапханашы болып жұмыс істейтін Махфуза Төлеубайқызы Қасымбекова газет жеткізілісімен тұрақты оқырмандарына уақытылы таратып отырады. «Аймақ ақшамының» әр санын асыға күтіп оқитын ауылдастарымыз саны жыл сайын артып келеді. Газет оқыған адамның рухани дүниесі бай, күнделікті болып жатқан жаңалықтардан хабардар, өзіндік пікірі қалыптасады. «Аймақ ақшамы» теректіліктердің үзбей оқитын сүйікті басылымына айналды.
Бекзат Үмбетов,
«Аймақ ақшамы» газетінің тұрақты оқырманы.




