Бұл сурет алғашында Фейсбук әлеужелісінде жарияланды. Бұрын көзімізге шалына қоймаған дүние болған соң, суретті жариялаған Ғалым Серікұлы Оспан бауырымызға хабарластық.
«Аға, қайдан алғанымды есіме түсіре алмай отырмын. Жеке архивіме сақтап қойған екенмін, нақты дерегін тапсам, хабарласайын» деген. Сөйтсек...

Бұл сурет жазушы Медеу Сәрсекенің «Қазақтың Қанышы» атты ғұмырнамасында жарияланған көрінеді. Мұны маған қуана хабарлаған Ғалым ғұмырнамадағы Алтыншоқыдан әйгілі қолбасшы Әмір Темірдің тасқа қашап жаздырған жазуы табылған сәт туралы сол сапарда Қаныш Имантайұлы Сәтбаевпен бірге болған Сергей РОЖНОВТЫҢ естелігін де қоса жіберген екен. Оқи отырайық!
«...Шәріп екеуміз іздеп барғанда Қаныш Имантайұлы таңбалы тастың іргесінде көлеңкелеп отыр екен. Бізге жайраңдай қарап: «Қане, жастар, мынаны қозғап көрелік. Алтыншоқыдан алтынға бергісіз қазына таптық білем. Меніңше, өте қымбат дүние. Сірә, көне уақыттың белгісі», – деп түсінік бергені есімде. Қымбаттығы рас болу керек. Геологтің шымыр болаттан құйылған балғасымен түйгіштеп көріп едік, титтей де сызат түсіре алмадық. Үшеуіміз олай-бұлай ырғап қозғай алсақшы. Зілмауырлығы сонша! Қосқа келіп, шай ішіп, біраз дем алған соң қайта бардық. Мен «Фотокормен» бетіндегі таңбасын суретке түсірдім. Таңбаның анық көрінуін ойлап, суретке түсірерден бұрын кәдімгі тіс ысатын ақ ұнтақпен әрбір әрпін мұқият ағартып шыққанмын. Осы тас туралы жарияланған еңбектерді безендірген айшықты сурет дүниеге осылай келді...»
Абдолла Нұртауұлы




