КҮПТІ ЕТКЕН КӨҢІЛДІ, КӨПТЕГЕН  КҮДІК СЕЙІЛДІ

Жаңалықты бөлісіңіз:

Қоғам алдағы референдумға дайындық үстінде. Халықтың «6- қазанда қалай дауыс беру керек? АЭС-ті жақтаған жөн бе,әлде…» деген екіұдай пікірде жүргені де анық. 1986 жылғы орын алған  Чернобыльдің  апатын айтпағанда, технология жағынан ешкімнің қолына су құйдырмайтын Жапониядағы «Фукусима»   АЭС-нде болған жарылыс  кім-кімді де ойландырмай қоймайды. Сондай –ақ, «Өз еліндегі АЭС –терді жауып жатыр» дейтін Германиядан жеткен хабарды естіген соң « Нағыз технократ саналатын , қандай нәрсені қолға алса да жеті ойлап, бір пішудің ерен үлгісін көрсетіп жүрген немістер атомнан бас тартып жатқан болса, бұлары бекер емес-ау» деген ойлар екінің бірінің санасын әрі – сәрі күйге түсіріп жатқаны да рас. Әлеужеліні ашып қалсаң, осы  тақырып «жанып» тұр. Міне, осындай сәтте АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штабтың құрылуы өте дұрыс қадам болды. Бұған  штаб мүшелерінің бір тобының Жезқазған жұртшылығымен жүздесуіне қатысқанда көзіміз жетті. Өйткені,   құрамында «AMANAT» партиясының атқарушы хатшысы #ДәулетКәрібек, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары #ЕрболатСатыбалдин, #МақсатТолықбай, «Байтақ» партиясының төрағасы #АзаматханӘміртаев, ҚР Энергетика Министрлігінің   «Ядролық физика институты» РМК-нің бас директоры #СаябекСахиев бар штаб мүшелері  С.Қожамқұлов атындағы музыкалы –драма театрының кең залына лық толы халықтың көңілін алаңдатқан сұрақтардың бәріне дерлік толық жауап қайтарып, АЭС салудың дұрыстығын дәлелдеп берді.

«БІЗДІҢ ЕЛІМІЗГЕ  АЭС САЛУДЫҢ ҚАЖЕТТІЛІГІ ҚАНША?».

Ең алдымен АЭС бүгін – ертең салынғалы жатқан жоқ. Референдумда халық «ия» деп жауап беретін болса, нақты жұмыстар  содан кейін ғана басталады. Құрылыс 15-20 жылға созылып та кетуі мүмкін. Ал, осы жылдары халықтың саны өспей ме? Өндіріс дамымай ма? Сонда оған энергия қажет емес пе? Елдің дамуы –энергия қуатының деңгейіне байланысты. Қазірдің өзінде  елімізде энергия тапшылығы бар. Қолда бар электр станцияларының 60 пайызының тозығы жетіп, кетеуі кетіп тұр. Сондықтанда, көршілес елдерден миллирдтаған қаржы жұмсап, энергия тасымалдауға мәжбүрміз. Ал, энергия тапшылығы мамандардың есептеуіне қарағанда, жыл сайын 3 пайыз көлемінде өсе түседі. Осындай жағдайда, қол қусырып қарап отырған қалай болар екен? Айналамыздағы елдердің бәрінде де АЭС бар, кейбірі, мысалы, Өзбекстан, Моңғолия елдері  де  сондай станциялар салуға ниет танытып жатыр.  Сонда олар елдерінің, халқының қауіпсіздігін ойламай ма?  Ойлайды, әрине. Жыл мезгілінің барлық уақытында күні жарқырап, желі сарнап тұратын  елдер де, айталық, Біріккен Араб Әмірліктерінің   АЭС-ке қызығушылық танытып жатқаны бізді неге ойландырмайды?. Демек, АЭС –тің қажеттігін өзгелер түсініп жатыр, сонда біз неге қалыс қалуымыз керек? 

«АЭС-ТЕН БАСҚАЛАР НЕГЕ БАС ТАРТАДЫ?».

 Әлемде  АЭС-тен жаппай бас тартып жатқан үрдіс жоқ. Тіпті, табиғаты керемет сұлу Швейцарияның өзінде екі бірдей АЭС жұмыс істеп тұр. Егер АЭС қауіпті болса, ең алдымен, осы ел одан бас тартуы керек еді ғой. Бірақ, олар мұндай қадамға барып отырған жоқ.

Рас, Германия өз еліндегі станцияларын жауып жатыр. Неге? Өйткені, бұл елдегі станциялар Жапониядағы «Фукусима»   станциясымен қатар,сол тектес  технологиямен салынған болатын, яғни, уақыт оның ескіргенін көрсетті. Бұл – бір. Екіншіден, Германия қазіргі кезде жел, күн станцияларының алатын энергия қуаты жеткіліксіз болған жағдайда,  Франциядағы АЭС –тің қуатын пайдаланып жүр.  Ал, бұл ұзаққа созылмауы да мүмкін. Немістер алдағы уақытта соңғы үлгідегі ең озық технологияға негізделген атом электр станцияларын салатын болса, бұған таңданып та керегі шамалы.

«ҚАНДАЙ МАМАНДАР КЕРЕК ЖӘНЕ ОЛАР ҚАЙДА ДАЯРЛАНАДЫ?».

Көңілді күпті етіп жүрген сұрақтың бірі – осы.  Кезінде Қаныш Имантайұлы Сәтбаев ауыл шаруашылығы, өндіріс, медицина саласында атомды бейбіт мақсатта пайдалану үшін ядролық физика институтын ашу туралы бастама көтеріп, соның арқасында, елімізде 1957 жылғы 25 шілдеде ядролық физика институты ашылды.Содан бергі уақыт ішінде МАГАТЭ тарапынан болған тексерістер кезінде оқыс оқиғалар тіркелмек түгілі  институттың жұмысынан бірде – бір қате табылған емес.  Қазіргі кезде институт жанында  МАГАТЭ-нің қолдауымен, АҚШ Энергетика министрлігінің қаржысына құрылған  3 орталық жұмыс істейді.

Институт  әлемнің 30-дан астам жетекші ғылыми ұйымдарымен және университеттерімен тығыз байланыс орнатқан. Зерттеу жұмыстарымен қатар  мұнда нақты өнімдер де шығарылады және шет елдерге де сатылады. Олардың қатарында Франция, Германия, Ресей, Түркия елдері бар. Әлемдегі ядролық физика бағытындағы  ғылми –зерттеумен айналысатын 126 институттың арасында біздің елдің институты   5-орын иеленеді.  Бұл оның зор әлеуетін айғақтайды.

АЭС қалыпты жұмыс істеу үшін 2 мың адам, соның ішінде, 400- жоғары білімді  атом маманы керек екен. Бұл мамандарды  ядролық физика институты орталықтарында, еліміздің басқа да іргелі оқу орындарында, шет мемлекеттерде де  даярлау мүмкіндіктері бар.  Алдағы уақытта мамандар даярлау ісіне тіпті айрықша көңіл бөлінетінін ескерсек,  алаңдауға негіз жоқ.

«БАЛҚАШТАН АЙРЫЛЫП ҚАЛМАЙМЫЗ БА? ЭКОЛОГИЯНЫ БҮЛДІРІП АЛМАЙМЫЗ БА?».

АЭС туралы сөз қозғалған жерде «Аралдан айрылып едік, енді Балқашты құртып тынамыз ба?» деген сөз айтылмай қалмайды. Шынында да, «атом станциясы қалыпты жұмыс істеу үшін орасан зор мөлшердегі су керек» деген ұғым санамызға сіңіп кеткен. Ал, мамандардың сөзін тыңдасақ, мүлде олай емес көрінеді. Қазақы тілмен айтқанда, АЭС-ке қажетті суды оның қазандығына бір толтырып алса, станция қанша жыл жұмыс істесе де, сол бір рет толтырылған су жеткілікті болады екен.  «Сонда қалай? Пайдаланылған су буға айналып ұшып кетпей ме, пайдаланған соң сыртқа төгіліп тасталмай ма?». Жоқ, мүлде бұлай емес.  Бу сол қазандықтың ішінде қайтадан суға айналып , одан әрі пайдаланыла береді екен.  Демек, су ауаға ұшып, жоғалып кетпейді, АЭС –тен Балқашқа зиян келмейді.

Экологиялық жағынан АЭС-ке қарағанда қазіргі қолданыстағы электр станцияларынан келетін зиян көбірек. Мамандар солай дейді. Неге? Өйткені, көмір, газ, жанар –жағармай  пайдаланғанда олардың бәрінен ауаға зиянды қаншама түтін, т.б. зиянды қалдықтар таралады. Озон қабатын әлсіретіп жатқан да – солар. Ал, атом станцияларынан сыртқа ештеңе де тарамайды. Ғылми ортада  АЭС –ті жасыл энергияға  жатқызу туралы пікірлердің айтыла бастауы бекер емес.

Ядролық физика институты орналасқан Алатау кентінде 15 мыңның үстінде халық тұрады. Олар үнемі радиациялық қауіпсіздік бақылауынан өтіп отырады. Әзірге ешқандай теріс жағдай тіркелген емес.

«ЖОБАНЫ ЖЕМҚОРЛЫҚ ЖҰТЫП ҚОЙМАЙ МА?».

Елдің арасындағы көп айтылатын, көпшілікті алаңдататын сұрақтардың бірі жемқорлыққа келіп тіреледі. «АЭС-ке жемқорлықтың қандай қатысы болуы мүмкін?» деген қарсы сұрақ қойылар болса,  мұндайда еліміздегі ірі –ірі жобалардың, мысалы, астанадағы ЛРТ-нің құрылысын алға тартатындар «АЭС құрылысына бөлінетін қыруар қаржы да жемқорлардың қалтасына түсіп кетеді» дейтін қауіпті алға тартады. Бұған негіз бар ма? Жоқ.Өйткені, АЭС құрылысы ғана емес оның жоба, жоспарын сүзгілеу де МАГАТЭ-нің қатаң бақылауында болады, қаржыны да сол ұйым қадағалап отырады. Демек, жемқорлық АЭС-тің айналасына жақындай алмайды.

ЖИЫННАН СОҢ. ЕЛ ПІКІРІ ҚАНДАЙ?

АЭС салуды қолдау жөніндгі штаб мүшелерінің кездесуінен соң жиналғандар тарапынан бірді –екілі ғана   сұрақ қойылды. Сол сұрақ қойғандардың  бірі –  Ұлытау –Жезқазған аймағына танымал қоғам белсендісі Еркебұлан Нұрланов болды. Біз одан АЭС салу жөніндегі ойларын кеңірек бөлісуін сұраған едік.

-Мен  АЭС-ті негізінен қолдаймын. Бірақ, ең озық технологиямен салынғанын қалаймын. Осы кездесуге өзімді толғандырып жүрген, жауабын білгім келген оннан аса сұрақ дайындап әкелген едім. Кездесу барысында соның бәріне дерлік жауп берілді. «АЭС –ті  қай ел салады?» деген жалғыз сұрағым ғана жауапсыз қалды.  Міне, мені осы мәселе қатты толғандырады. Ең озық, ең қауіпсіз жоба қай елден келіп түседі, біз сол елге сеніп білдіруіміз керек. Дегенмен,  ашығын айтар болсам, Ресей салатын болса, келешекте санкция бұғатына түсіп, басталған құрылыс созылып кетеді-ау деген қаупім бар. Бірақ, АЭС-ті жобалаудан бастап құрылысын жүргізу, кейін қызметін қадағалау, бақылау МАГАТЭ тарапынан үздіксіз жүргізілетіндігі  күдікті сейілтіп, сенімді күшейте түсті –деді ол.

Халықтық штаб рефрендумға шейін ел арасында барынша жиі болып, көпшілікпен кездесіп, ашық әңгімелесіп, елдің көңіліндегі жүрген сұрақтарына жан –жақты нақты жауап беріп, мәселені түсіндіре білсе, күдігі сейіліп, сенімі күшейетіндердің қатары көбейе түсетін тәрізді.

Абдолла Дастанов

By admin

Related Post

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *