Мемлекет басшысының Жарлығымен Конституциялық комиссияның құрамы бекітілді. Оның құрамына шамамен 130 адам енді. Атап айтқанда, Ұлттық құрылтай мүшелері, белгілі конституционалист-ғалымдар, бизнес-қоғамдастық пен корпоративтік сектор өкілдері, қоғамдық бірлестіктердің мүшелері, құқық қорғаушылар, сарапшылар, медиа саласының қызметкерлері, ғылыми және мәдени интеллигенция, Парламент депутаттары мен мемлекеттік қызметшілер бар.
Комиссия құрамына Парламенттегі барлық партиялардың өкілдері де кірді («Аманат», «Ақ жол», «Ауыл», ОСДП, НПК, Respublica).
Бұл Конституциялық комиссияның қазақстандық қоғамның барлық секторларын (мемлекет, бизнес, азаматтық қоғам) кеңінен қамтып қана қоймай, елдегі ең үздік сарапшыларды – заңгерлерді, экономистерді, саясаттанушыларды және басқа да мамандарды біріктіргенінің айқын дәлелі.
Комиссияны қалыптастырудағы басты өлшем кәсібилік болғаны анық. Сонымен қатар, оның құрамы өте теңгерімді болып шықты.
Өңірлік тұрғыда Комиссия құрамына елдің барлық аймақтарынан өкілдер енді – өңірлік мәслихаттардың төрағалары, қоғамдық кеңестердің мүшелері және басқа да білікті мамандар.
Гендерлік теңгерім де сақталды: Комиссия мүшелері қатарында өз ісінің кәсіби мамандары саналатын әйелдер – ғалымдар, басқарушылар, кәсіпкерлер бар.
Комиссияның барлық мүшелері, соның ішінде заң шығару қызметіне қатысты, мол тәжірибеге ие.
Осындай ауқымды, өкілді әрі кәсіби құрам Комиссияға жүктелген, ел болашағы үшін айрықша маңызы бар жұмыстың тиімді әрі уақтылы атқарылатынын сеніммен айтуға толық негіз береді.




