Конституциялық өзгерістер өз табиғаты бойынша мемлекеттің негіздері мен қоғамдық келісімшартқа тікелей қатысты. Сондықтан мұндай мәселелер жабық режимде немесе «тар шеңберде» талқылануы мүмкін емес еді.
Конституциялық комиссия қызметінің ашықтығын арттыру мақсатында бірқатар шаралар қарастырылды.
Біріншіден, комиссия отырыстары Конституциялық соттың ресми сайтында және әлеуметтік желідегі аккаунттарында тікелей эфирде көрсетілді.
Екіншіден, комиссия қызметін жедел жариялау және оның жұмысы туралы ақпаратты жинақтау үшін «Конституциялық реформа 2026» атты арнайы Telegram-арна құрылды.
Сонымен қатар, комиссия мүшелерінің көпшілігі әлеуметтік желілердің белсенді қолданушылары болып табылады. Олар өз пікірлерін тікелей немесе бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жүз мыңдаған азаматтарға жеткізіп отырды.
Осылайша, комиссия жұмысы ашық әрі жария түрде өтті, ал оның қызметі туралы ақпарат барлық ниет білдірушілер үшін қолжетімді болды.
Айта кету маңызды: тікелей эфирлер — бұл жай ғана техникалық формат емес. Бұл қоғамға деген сенімнің және биліктің ашық диалог жүргізуге дайын екендігінің көрсеткіші.
Мемлекет «Еститін мемлекет» қағидаттары мен институционалдық жауапкершілікті жария етіп отырған жағдайда, Конституциялық комиссияның ашық жұмыс істеуі осы бағыттың логикалық жалғасы болып табылады.
Отырыстардың жария түрде өтуі түрлі алып-қашпа әңгімелер мен негізсіз болжамдардың азаюына ықпал етті, азаматтарға ұсынылып отырған нормалардың логикасын түсінуге мүмкіндік берді және ең бастысы — қабылданған шешімдердің легитимділігін арттырды.




