Жаңа Конституция жобасында тұңғыш рет Қазақстанның мыңжылдық тарихы негізгі құндылық ретінде айқын көрсетілді. Бұл туралы Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның VII отырысында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин айтты.
Оның сөзінше, 1995 жылы қабылданған қолданыстағы Конституцияда тарихқа қатысты бірде-бір сөз жоқ. «Жаңа Конституция жобасының Преамбуласында «Ұлы Даланың мыңжылдық тарихының сабақтастығын сақтай отырып» деген сөйлем енгізілді. Бұл Қазақстанның көшпелілер өркениетінің ошағы екенін, тарихымыздың үздіксіз сабақтастығын айғақтайды. Осылайша, тарихымыз Конституцияда тұңғыш рет декларация ретінде емес, нақты мемлекеттік құндылық ретінде бекітілді», – деді Ерлан Қарин.
Преамбуладағы «Ұлы Дала» мен «мыңжылдық тарих» ұғымдары Қазақстанның тарихи субъект ретінде танылғанын және мемлекеттік бірегейлікті айқындайтынын көрсетеді. Бұл жаңа редакцияның тарихи тұғырын айқындайтын маңызды белгі болып отыр.
Сонымен қатар Мемлекеттік кеңесші жаңа Конституцияда мемлекеттік тіл – қазақ тілі екені нақты және анық жазылғанын атап өтті. «Атап айтқанда, 9-баптың 1-тармағында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі» деп көрсетілген. Яғни, елімізде бір ғана мемлекеттік тіл бар, ол – қазақ тілі. Тіліміз биік тұғырдан түспейді, және мемлекетіміз барда бұл тұғыр сақталады. Сол үшін біз мемлекетті қорғап, оның бірлігін ойлауымыз керек», – деді Ерлан Қарин.
Сондай-ақ, ол жаңа Конституция жобасы мен 1995 жылы қабылданған қолданыстағы Конституция арасындағы айырмашылықтың өте көп екенін жеткізді. «Жаңа Конституция жобасы – жарты жылдан астам уақыт бойы ел азаматтарынан, сарапшылардан, қоғам белсенділерінен және түрлі ұйымдардан түскен ұсыныстар мен бастамалардың нәтижесі. Сонымен бірге, осы күнге дейін жүргізілген ұзақ талқылаулардың жемісі», – деді Мемлекеттік кеңесші.
Жаңа Конституция жобасы тарихи сабақтастықты сақтай отырып, мемлекеттік тілдің мәртебесін бекітіп, елдің бірегей ұлттық идентичтілігін заңдық тұрғыда нығайтуға бағытталған. Бұл қадам Қазақстанның құқықтық жүйесінің заманауи стандарттарға сәйкестігін және қоғам мен мемлекет арасындағы сенімділікті арттыруға қызмет етеді.




