Конституцияға өзгеріс енгізу – мемлекеттің құқықтық негізіне және қоғамдық келісімге тікелей әсер ететін маңызды процесс. Сондықтан мұндай шешімдерді жабық форматта немесе тар шеңберде талқылау мүмкін емес. Конституциялық реформаның табысты жүзеге асуы қоғамның сенімі мен ашық диалогқа байланысты.
Осы ұстанымды басшылыққа ала отырып, Конституциялық комиссия қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету үшін бірқатар нақты шаралар қабылданды. Комиссия отырыстары ресми сайтта және Конституциялық соттың әлеуметтік желідегі парақшаларында тікелей эфирде көрсетілді. Бұл азаматтарға талқылау барысын нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік берді.
Ақпаратты жедел жеткізу және жүйелеу мақсатында «Конституциялық реформа 2026» атты арнайы Telegram-арна іске қосылды. Онда отырыстардың қорытындылары, ұсынылған түзетулер және түсіндірмелер тұрақты түрде жарияланып отырды.
Сонымен қатар комиссия мүшелерінің басым бөлігі әлеуметтік желілер арқылы өз пікірлерін ашық білдіріп, бұқаралық ақпарат құралдарында түсіндірме берді. Бұл жүздеген мың азаматтың реформаның мәнін тереңірек түсінуіне жағдай жасады.
Комиссия жұмысының ашық форматта өтуі алыпқашпа әңгімелер мен негізсіз болжамдардың алдын алып, қабылданған шешімдердің заңдылығын және қоғамдық легитимділігін арттырды.




