Қоғамда Жаңа Конституция жобасына байланысты «халықаралық міндеттемелер бұзылады» деген пікірлер айтылуда. Алайда бұл тұжырым шындыққа жанаспайды. Конституция жобасында Қазақстан Республикасының ратификациялаған халықаралық шарттарына қайшы келетін нормалар көзделмеген.
Жобада адам құқықтары мен бостандықтарының негізгі қағидаттары халықаралық деңгейде танылған стандарттарға толық сәйкес келтірілген. Бұл – Қазақстанның халықаралық құқықтың жалпыға ортақ қағидаттарын ұстанатынын және өзіне алған міндеттемелерін сақтайтынын айқын көрсетеді.
Сонымен қатар, ратификацияланған халықаралық шарттардың қолданылу тәртібі ұлттық заңнамада айқындалатыны белгіленген. Бұл ретте ұлттық мүдделерді қорғау қажеттілігі ескеріледі. Яғни, халықаралық нормаларды іске асыру тетіктері мемлекет егемендігі мен конституциялық құрылым қағидаттарына сай реттеледі.
Ратификацияланған халықаралық шарттар Қазақстан Республикасының қолданыстағы құқық жүйесінің құрамдас бөлігі болып қала береді. Бұл еліміздің халықаралық қауымдастық алдындағы жауапкершілігін және құқықтық мемлекет қағидаттарына адалдығын білдіреді.
Осылайша, Жаңа Конституция жобасы халықаралық міндеттемелерді бұзуға емес, керісінше, оларды ұлттық құқықтық жүйемен үйлестіруге және құқықтық айқындықты қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл – мемлекет тұрақтылығы мен халықаралық беделін нығайтудың маңызды кепілі.




