Қоғамда «Сөз және жиналыс бостандығы шектеледі» деген пікірлер айтылып жүр. Алайда Конституция жобасының нормалары бұл тұжырымның шындыққа сәйкес келмейтінін көрсетеді. Керісінше, құжатта сөз еркіндігі мен бейбіт жиналыс өткізу құқығы нақты кепілдендірілген.
Конституция жобасының 23-бабының 4-тармағында сөз бостандығына кепілдік берілетіні айқын жазылған. Ал осы баптың 5-тармағында цензураға тікелей тыйым салынады. Бұл – азаматтардың пікір білдіру еркіндігін қорғауға бағытталған маңызды құқықтық норма.
Сонымен бірге, құқықтар мен бостандықтарды шектеуге тек заң негізінде және нақты мақсаттарда ғана жол беріледі. Атап айтқанда, мұндай шектеулер конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және басқа тұлғалардың құқықтары мен бостандықтарын сақтау мақсатында қолданылуы мүмкін. Бұл тәсіл халықаралық құқық талаптарына толық сәйкес келеді. Атап айтқанда, Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пакт сөз және жиналыс бостандығын таниды әрі оларды шектеу тек заңмен және демократиялық қоғамда қажетті жағдайларда ғана мүмкін екенін белгілейді.
Бейбіт жиналыстар өткізу құқығы Конституция жобасының 35-бабында да бекітілген. Құжатта жиналыс түрлерінің нақты тізбесі көрсетілмеуі – олардың барлығы «бейбіт жиналыстар» ұғымына кіретіндігін білдіреді. Яғни, азаматтар бейбіт сипаттағы әртүрлі форматтағы жиналыстарды өткізу құқығына ие.
Бейбіт жиналыстардың нақты түрлері мен оларды ұйымдастыру тәртібі арнайы бейінді заңда егжей-тегжейлі айқындалады. Мұндай жалпы тұжырымдама халықаралық стандарттарға сай келеді және жоғарыда аталған халықаралық пакт нормаларымен үйлеседі.
Осылайша, Конституция жобасы сөз және жиналыс бостандығын шектемейді. Керісінше, ол бұл құқықтарды нақтылап, халықаралық міндеттемелерге сәйкес құқықтық кепілдіктерді нығайтады.




