Қарапайым еңбек адамы, кенші ретінде жаңа Конституциядағы өзгерістерді толық қолдаймын. Өйткені бұл құжат заңдар жинағы ғана емес. Мемлекеттің болашағына бағыт-бағдар беріп, әр азаматтың құқығы мен жауапкершілігін айқындайды.
Конституциялық жаңғыру елімізді дамудың жаңа кезеңіне жетелейді. Ұсынылған өзгерістердің ішінде Халық кеңесінің құрылуы азаматтардың мемлекеттік шешімдерге тікелей араласуына мүмкіндік береді. Бұл орган стратегиялық бастамаларды талқылап, қоғам пікірін билікке жеткізетін көпір қызметін атқарады.
Сонымен қатар, адвокаттық қызметке арналған арнайы конституциялық баптың бекітілуі азаматтардың құқықтарын қорғау ісін жаңа деңгейге көтереді. Қарапайым жұмысшы үшін әділдік пен заң үстемдігі басты құндылық. Егер әр азаматтың құқығы қорғалса, қоғамда сенім мен тұрақтылық орнайды.
Кенші ретінде мен үшін еңбек адамының мәртебесі мен әлеуметтік қорғалуы аса маңызды. Жаңа Конституцияда әлеуметтік әділеттілік қағидаларының нақтылануы, мемлекеттің адам игілігіне қызмет етуі жөніндегі ұстанымдардың күшеюі біз сияқты өндіріс саласында еңбек ететін азаматтарға деген нақты қолдау деп білемін. Жер астында еңбек ететін әр кенші елдің дамуына өз үлесін қосады. Сондықтан мемлекет те еңбек адамына лайықты жағдай жасауы тиіс.
Конституция – болашақтың іргетасы.
Мен жаңа Конституцияны қолдай отырып, бұл құжат еліміздің тұрақты дамуына, құқықтық мемлекет қағидаларының нығаюына және әрбір азаматтың ертеңгі күнге сеніммен қарауына негіз болады деп сенемін. Еңбек адамы үшін тұрақтылық, әділдік және заң үстемдігінің маңызы зор. Жаңа Конституция осы құндылықтарды бекемдей түседі.
Оралсын БАШАРОВ.
"Сарыоба" кеніші №5 проходка учаскесінің бригадирі,
III - дәрежелі «Кенші даңқы» төсбелгісінің иегері.




