Ұлытау облысы еліміздің түрлі өңірлерінен қоныс аударушыларды қабылдауға дайын екенін мәлімдейді. Мемлекеттік қолдау шаралары аясында жүзеге асырылып жатқан бағдарлама азаматтарға жаңа ортада тұрақтап, еңбек етуіне және баспаналы болуына кең мүмкіндік ұсынады.
Бағдарламаға Алматы облысы, Жамбыл облысы, Маңғыстау облысы, Түркістан облысы, Қызылорда облысы, Жетісу облысы тұрғындары, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларының азаматтары қатыса алады.
Өңірге қоныс аударған әрбір отбасы мүшесіне 70 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде, яғни 257 240 теңге мөлшерінде біржолғы субсидия беріледі. Сонымен қатар, бір жыл бойы ай сайын 117 960 теңгеге дейін тұрғын үй жалдау ақысы мен коммуналдық шығындар өтеледі.
Ал жеке тұрғын үй сатып алуға шешім қабылдаған азаматтарға оның құнының 50 пайызы, бірақ 4,5 миллион теңгеден аспайтын көлемде өтемақы қарастырылған. Бұл – қоныс аударушылардың баспаналы болуына жасалған нақты қолдау.
Қазіргі уақытта облыста 1000-нан астам бос жұмыс орны бар. Вакансиялар білім беру, денсаулық сақтау, IT және телекоммуникация, мәдениет, спорт, өнеркәсіп салаларын қамтиды. Сонымен қатар жұмысшы және арнайы біліктілікті қажет етпейтін мамандықтар бойынша да тұрақты жұмыс ұсынылады.
Бұл – жаңа өңірде кәсіби дамуға және тұрақты табыс табуға мүмкіндік береді.
Ұлытау өңірі тарихи-мәдени мұрасымен ғана емес, заманауи инфрақұрылымымен де ерекшеленеді. Әлеуметтік нысандардың құрылысы қарқынды жүргізіліп, кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы жағдай жасалуда. Инвестициялық жобалар іске асырылып, жаңа жұмыс орындары ашылуда.
Ауылдық елді мекендерге және облыс орталығына кемінде бес жыл мерзімге жұмыс істеуге баратын медицина және фармацевтика қызметкерлеріне 5–8 миллион теңге көлемінде біржолғы әлеуметтік көмек ұсынылады. Бұл – денсаулық сақтау саласының мамандарын тартуға және ауыл медицинасының сапасын арттыруға бағытталған маңызды шара.
Қорыта айтқанда, Ұлытау облысы қоныс аударушыларға тұрақты жұмыс, қаржылай қолдау және жайлы өмір сүру мүмкіндігін ұсынып отыр. Бұл бастама – өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдетуге және азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған нақты қадам.




