Бүгін Жезді музейінде Ұлытаулық жиһанкез, Қазақстанның мәдениет және туризм саласының үздігі, қолөнерші, «ULYTAUMEN» жобасының авторы Сәрсенбай Қотырашовпен ерекше кездесу өтті. Тағылымды шараға кент әкімі, еңбек ардагерлері, Ұлытау ауданы мен Жезді кентінің мекеме басшылары, МСО жас спортшылары мен жаттықтырушылары қатысты.


Жиһанкез, марафоншы Сәрсенбай Оспанұлын музей алаңында жиналған жұртшылық зор құрметпен қарсы алды. Туған ауылымызды барша қазақстандықтарға танытқан азаматпен қауышу көпшілікке үлкен қуаныш сыйлады. Еуропаға аттанғалы тұрған жиһанкезге арнап құрбандық малы шалынып, кент имамы мен ақсақалдар ақ батасын берді.
Іс-шара одан әрі Қазақстанның кең байтақ даласын жаяу жүріп өткен С.Қотырашовтың саяхат тарихын баяндайтын фотодеректер қойылған көрме залында жалғасты. Кездесуді кент әкімі М.Жұмабек ашып, марафоншыға сәт-сапар тіледі. Көпшіліктің зор ықыласына бөленген Сәрсенбай ақсақал 2022 жылдың 31 наурызында Ұлытаудан жаяу сапарын бастап, еліміздің барлық облысын аралап шыққанын айтты. Сол жылы 72 жасында 8 мың шақырымды еңсеріп, Қазақстандық КИнЭС рекордтар кітабына енді. 2023 жылы Атырау қаласынан бастаған сапарын Кавказ елдері арқылы жалғастырып, Ыстанбұл шаһарында аяқтады (3 мың шақырым). 2024 жылы 3-ші сапарын Өскеменнен Алтай арқылы Монғолия-Қытай бағытында 3 мың шақырым жүріп өткенін баяндады. Жиһанкез сапар барысында кездескен қызықты әрі қиын сәттерімен бөлісіп, әсерлі естеліктерін ортаға салды.
Сәрсенбай Қотырашов – металл өңдеудің хас шебері, қолөнерші, сәулет ескерткіштерінің реставраторы. Алғашқы сапарынан бастап қазақ қолөнершілерін насихаттап келеді. «Бұл сапарға шығудағы мақсатымның бірі – қымыздың пайдалы қасиеттерін әлемге таныту. Келесі бағытым – Еуропа», – деп алдағы жоспарымен бөлісті. Алдағы бағыт 2 500 шақырым жолды еңсеру.
Жиынды қорытындылаған ақсақалдар бұл бастаманы нағыз ерлікке балап, баталарын берді. Ал жиһанкез сапарына қолдау көрсетіп жүрген Бақтияр Қожахметов алдағы жаяу марафонның маршруты туралы баяндап, жоспарларымен таныстырды.




