Ұрпақты ұлттық өнерге баулу, халыққа ұлттық аспаптар мен өнерді насихаттау, патриоттық сезімді ояту, таланттарды анықтау, дәстүрлі күй өнерін ұрпақтан – ұрпаққа жалғастыру мақсатын көздеген конкурс осыдан он екі жыл бұрын тұсауын кескен еді. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі тарпынан қолдау тапқан конкурс екі жыл сайын тұрақты түрде өтіп келеді. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі және Сәтбаев қаласының әкімдігі – конкурс құрылтайшылары болып табылады.
Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайының төрін дүбірге бөлеген өнер додасы Сәтбаев қаласының әкімі Мұрат Бөрібаев, қазылар алқасының төрағасы Базархан Қосбасаров, «Ерден ұрпағы» қорының төрағасы Камариден Есназаровтың құттықтау лебіздерімен ашылды.
Ерден Сандыбайұлы – тарихи тұлға. Оның есімі қазақ халқына жақсы таныс. Қоқанға қарсы қол бастаған қазақтың батыры, Атбасар дуанының аға сұлтаны болып, ел басқарған көсемі еді. Ердекеңнің ерекшелігі сол, маңайына өнер адамдарын жинаған, хал – қадірінше оларды құрмет тұтқан. Өзі де қобыз шалған деседі. Атақты күйші Ықыластың «Ерден» күйі ескіден бүгінге жетті. «Конкурс неге Ерден Сандыбайұлының атымен аталады?» дейтін сұрақтың бір жауабы –осы.
Конкурстың ашылу салтанаты өнерпаздар өнерімен айшықталды.
Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайының жанында «Кеншілер сазы» фольклорлық ансамблі жұмыс істейді. Еліміздің әр шалғайынан ұлт аспаптарының құлағында ойнайтын дүлдүлдер жиналып, дода құрып жатқанда, ансамбль келген қонақтардың шашбауын көтеріп, жиналған халыққа өз өнерін шашу етпей тұра ала ма? Әрине, жоқ. Дүбірге делебесі қозбайтын тұлпар болмайтыны сияқты, «Кеншілер сазы» да сахнаны Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ермұрат Үсеновтің «Ерден толғауы» күйімен дүбірлетті.

Бұдан соң Халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты, «Құрмет» орденінің және Хиуаз Доспанова, Ықылас Дүкенұлы атындағы медальдардың иегері, күйші, композитор Жанар Жүсіпова Ықыластың «Қоштасуын» орындады. Күйдің әр иірімі тыңдарманды терең ойға жетелеп, сахна төрін соны сарынға бөледі.
Конкурстың жылдан жылға даңқының төске өрлеп бара жатқаны қатысушылар қатарының көбейе түскенінен – ақ байқалады. Айталық, биыл 40 үміткер қатысты. Араларында 20 қобызшы, 10 жетігенші, 6 сыбызғышы, 4 сазсырнайшы бар. Бұл деген керемет қой. Бір ғажабы, өңкей жастар. Олардың әрқайсысы ұлттық өнердің шырағын сөндірмей, жаңа белеске көтеруге талпынған талапкерлер екенін ескерсек, ұлт өнерінің өміршеңдігін танығандай боласыз. Қазіргідей технологияның неше атасы өмірге дендеп еніп жатқанда, ұлттық тамырдан нәр алатын өнер түрлерін жаңғыртып, өз замандастарының , жалпы халықтың арасында насихаттап жүрген жастардан айналып – ақ кетсек болмай ма? Бұлар – біздің болашағымыз. Қазақ ұлтының сан қырлы өнерін ертеңге жеткізетін алтын көпірдің иегерлері – олар. Осылай бағаласақ орынды секілді.
Домбыраның күмбірі, қобыздың қоңыр үні, жетігеннің сырлы сазы, сыбызғы мен сазсырнайдың әуезі бір жерде тоғысып, ұлттық өнердің тұтастығын айшықтады. Қазақтың байырғы аспаптарының біртұтас әлемін көз алдымызға әкелді.
Екі күнге созылған дүбірлі дода мәресіне жетті. Әрине, жүлделер өз иелерін тапты. Ең бастысы, мұндай конкурстарда біреу алға шығып, біреу кейін қалғанмен, ешкім де жеңілмейді. Өйткені, конкурс –шыңдалу , үйрену, тәжірибе алмасу мектебі.
Ал, кім озды деп елеңдеп отырғандарға жеңімпаздардың , олардың иелеген жүлделерін де айта кетейік.
Сонымен...Медет Қабыл «Қорқыт», Самал Майданова «Сматай Үмбетбаев», Мөлдір Адамтаева «Қойлыбай әулие», Гүлнұр Рақымжан «Ықылас Дүкенұлы», Абылай Есетов «Бала бақсы», Заманбек Нысанбаев «Досымбай Итемгенұлы» атындағы жүлделерге ие болды. Олардың әрқайсына 150 мың теңгенің сертификаты табыс етілді.
Конкурс дипломанттары атанған Алтай Үсенов, Әділ Дәулен, Бақыт Мырзабекова, Әмина Мұраттың әрқайсысы 200 мың теңгеден, үшінші орын иеленген Санджай Альмишев, Дана Сайлауова, Айжан Жаубасовалар 500 мың теңге, екінші орын иегерлері Эльмира Қашқыммбаева 1 млн. теңге, бірінші орын алған Алина Матаева 1,5 млн теңге сыйлыққа лайықты деп табылды. Конкурстың Бас жүлдесі керекулік Саяжан Нұғымановаға бұйырды. Оған 2 млн теңге берілді. Саяжан Мұхтарқызы Астанадағы К.Бәйсейітова атындағы өнер университетінің 2 - курс студенті. Павлодар қаласындағы дарынды балаларға арналған өнер мектебін бітіріп, бүгінде қобыз сыныбы бойынша Алмат Сайжанның жетекшілігімен шеберлігін шыңдауда. «Бұл өнер маған Сәрсенбай атамнан жұққан», - деген Саяжанның бұл алғашқы ең ірі жеңісі болып табылады.
Ерден Сандыбайұлы атындағы республикалық конкурс дәстүрді дәріптеу, жас талантты қолдау, ұлттық мұраны жаңғырту алаңы ретінде алдағы уақытта да жалғасын таба беретіні күмәнсіз.
Мейрамгүл Саяжанқызы




