Ұлытау облысында жол инфрақұрылымын жақсарту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Осы орайда, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ облыстық филиалы Қызылорда – Жезқазған автомобиль жолының қайта жаңарту жүргізіліп жатқан учаскесіндегі жағдай бойынша ресми мәлімет ұсынды.
Аталған жолдың 424–410 шақырым аралығында, Талап кенті бағытында бұрын анықталған жол жамылғысының бүлінуіне байланысты қалпына келтіру жұмыстары толық көлемде аяқталды. Мамандар тарапынан жүргізілген кешенді шаралардың нәтижесінде жолдағы барлық ақаулар жойылып, учаскенің техникалық жағдайы айтарлықтай жақсарды.
Қазіргі таңда ауыр жүк тиегіш автосамосвалдардың қозғалысы толықтай тоқтатылған. Бұл шешім жол жамылғысын сақтау және қайта бүлінуінің алдын алу мақсатында қабылданған. Сонымен қатар, жол бойында тегістеу жұмыстары жүргізіліп, анықталған шұңқырлар толық жөнделді.
Жөндеу жұмыстарына барлығы 8 бірлік арнайы техника жұмылдырылды. Оның ішінде 4 жүк тиегіш, 2 грейдер және 2 каток жұмыс атқарды. Арнайы техникалардың тиімді үйлестірілген жұмысы қысқа мерзім ішінде сапалы нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік берді.
Бүгінгі таңда аталған жол учаскесі қанағаттанарлық жағдайға келтірілді. Сонымен қатар, 424–410 шақырым аралығында айналма жол құрылысы қатар жүргізілуде. Бұл болашақта жол қозғалысының қауіпсіздігін арттырып, көлік ағынын оңтайландыруға ықпал етеді.
Жалпы алғанда, атқарылып жатқан жұмыстар өңірдегі жол инфрақұрылымын дамытуға және тұрғындар мен жүргізушілер үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған.




