Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі ұлытаулық танымал саяхатшы Сәрсенбай Қотырашовты «Құрметті спорт қызметкері» атағымен марапаттады. Аталған марапатты министрдің орынбасары Серік Жарасбаев табыстады.
Сәрсенбай Қотырашов – ұзақ жылдар бойы жаяу туризмді насихаттап келе жатқан тәжірибелі жиһанкез. Ол 2022 жылы 72 жасында еліміздің 17 облысын толық жаяу аралап, 8 мың шақырымнан астам жолды еңсерді. Бұл жетістігі Қазақстанның КИнЭС рекордтар кітабына енгізіліп, ел көлемінде жоғары бағаланды.
Жиһанкез бұдан кейін де халықаралық сапарларын жалғастырып, шет мемлекеттерде жаяу туризмді дамытудың үлгісін көрсетті. 2023 жылы Атырау қаласынан басталған сапары Кавказ өңірі мен Грузия арқылы Түркияның Стамбул қаласына дейін жалғасты. Ал 2024 жылы Өскемен қаласынан жолға шығып, Алтай, Моңғолия арқылы Қытай астанасы Бейжіңге дейін жетті.
2026 жылғы 3 наурызда басталған кезекті сапары аясында 76 жастағы саяхатшы Еуропаның бірқатар елдерін жаяу жүріп өтті. Атап айтқанда, Сербия, Мажарстан, Аустрия, Германия және Франция мемлекеттерін еңсеріп, елге оралды.
Сәрсенбай Қотырашовтың жетістіктері – табандылық пен қайсарлықтың айқын дәлелі. Оның өмірлік ұстанымы мен белсенділігі отандық туризмді дамытуға, сондай-ақ салауатты өмір салтын кеңінен дәріптеуге зор үлес қосып келеді.




