Батыр қыздың есімі неге ардақталмайды?
Қанқұйлы соғыста қазақтың даңқын көкке өрлеткен батыр қыздарымыз Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова, Хиуаз Доспанованың есімдері елге жақсы таныс. Ал, Алтыншаш Нұрғожинова туралы білеміз бе?
Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының және «Тарлан» сыйлығының лауреаты Бақытжан Қанапиянов есімді ақын бар. Ол өлеңдерін орыс тілінде жазады. Қазаққа ең алғаш Алтыншаш туралы деректі жеткізген лде сол ақын. Ол Чернобыльдағы апаттан соң сонда барған кезінде жергілікті кітапханада Михаил Левченко есімді укриан ақынының 1944 жылғы «Патриот Родины» деп аталған дивизиялық газеттегі өлеңіне көзі түседі. Өлеің бар болғаны екі шумақ қана екен. Бірақ, Бақытжанға өлеңнің қазақ қызына , оның ерлігіне сүйсіне жазылғаны ерекше әсер етеді. Сол өлеңді орыс тілінде қалай жазылса, солай сіз де оқып көріңіз.
«Памяти комсомолки Алтыншаш Нургажиновой, подбившей два фашистских танка
Я родом сам с цветущей Украины…
И дороги мне берега Днепра.
Там с песней на пшеничные равнины
Нисходят голубые вечера.
Но кажется, что в знойном Казахстане,
Я, как она, родился, жил и рос…
Я вижу рядом, в дымчатом тумане,
Ее глаза, улыбку, прядь волос.
Седой акын по вечерам в ауле
Под звуки домбры песню пропоет,
Как шла она под вражеские пули
И в смертный час сказала нам:
– Вперед!
Спокойны будут горные долины,
И в прошлое уйдет войны гроза.
Сквозь листья, падающие с вершины,
Нам улыбаются ее глаза…».
Б.Қанапиянов өлеңнің авторын табуға ұмтылады. Сөйтіп, оны табады, хат алысады. Бұл туралы белгілі журналист Сарбас Ақтаевтың «Қаһарман қыз Алтыншаш немесе ақын аузынан естiген аңыз» деген мақаласында егжей –тегжейлі жазылған. Михаил Александрович Левченко сол тұста Одесса университетiнiң профессоры, филология ғылымдарының докторы екен. Полтава топырағында дүниеге келген ол соғысты қатардағы жауынгер болып бастап, сержант шенiмен аяқтапты. Полктiң барлаушысы, Төртiншi Украин майданының дивизиялық газетiнiң әдеби қызметкерi болған екен. Михаил Александровичтiң қазақ ақынына жолдаған хатының ұзын-ұрғасы С.Ақтаевтың мақаласында келтірілген. «Менiң өлеңiм Алтыншаш Нұрғожинованың өзiм көзбен көрiп, куәсi болған ересен ерлiгiнiң iзi суымай жатып жазылған едi. Мәселе былай болған. Ол кезде мен «Патриот Родины» газетiнiң қатардағы қызметкерi едiм. Майданда материал жинап жүрiп бiр топ солдаттармен және офицерлермен бiрге немiс фашистерiнiң қоршауында қалып қойдым. Менiңше, бұл Котовица маңында болса керек. Жағдай тым қиын едi. Кенет жауынгерлердiң арасынан қаршадай бiр қазақ қызы шыға келдi де, қорғаныс ұйымдастырып алға ұмтылды. Гранатамен жаудың бiр танкiсiн отқа орады. Орнынан тұрып, «алға» деп iлгерi ұмтылғанда, тасадан екiншi темiр тажал шыға келгенi ғой. Әлгi қыз жай-күйге қарамастан, соған қарсы ұмтылды. Өзi де мерт болды, жолдастарына да жол ашты. Бұл осы батальонның комсоргы Алтыншаш Нұрғожинова екен. Кейiн қарулас достары Мәскеуде болып, қыздың туған-туысқандарын тауып алып, менiң өлеңiмдi көрсетiптi. Олар менi қонаққа шақырды. Алайда жағдай болмай, бара алмай қалдым. Сонымен байланыс үзiлдi. Жылдар жылжып, уақыт зулап, сол бiр отты оқиғаның кейбiр тетiктерiн жадымыздан өшiрiп те тастады ғой. Алайда бiр менiң ғана емес, ондаған, жүздеген жолдастарының өмiрiн аман сақтап қалған қаһарман қазақ қызының бейнесi көз алдымда тұрады да қояды. Алматыға арнайы қонаққа шақырғаның үшiн мың да бiр рахмет саған, Бақытжан! Бiрде ондағы бiр ғылыми конференцияға қатысқаным бар едi. Астаналарыңды аралап, халқыңның қонақжайлығына дән разы болғанмын. Хат жазып тұр. lздеу салған iсiңе хал-қадерiнше көмек берермiн. Сау бол, бауырым. Өзiңнiң М.Левченкоң ».Міне, Алтыншаш есімді батыр қыздың ерлігіне сүйсінген украин ақынының лебізі осындай. Сонымен Алтыншаш Нұрғожина кім болған, соғысқа қай жерден шақырылған. Б.Қанапиянов, С.Ақтаев ағаларымыздың жазғандарына және Мемориал ОБД , Память народа сайттарынан қарастырып көргенде білгеніміз, Алтыншаш Өскенбайқызы Нұрғожинова 1924 жылы Мәскеу қаласында дүниеге келген.
Қызыл армия қатарына 1941 жылдың тамызында алынған. Шамасы, еті өте тірі, бейбіт өмірде комсомолдық, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып жүрген де болуы мүмкін. Өйткені, әскерге Мәскеу қаласының Сталин аудандық әскери комисариаты арқылы шақырылған ол комсомол жұмысын ұйымдастырушылардың алты айлық курсына жіберіліп, соны тәмамдаған соң алғаш 8-гвардиялық дивизияның бiрiншi батальонының комсоргы болған. 1942 жылғы желтоқсанда жараланып, госпитальға түседi. Госпитальдан шыққаннан кейiн бiрiншi танк армиясының 24-іншi жеке механикаландырылған құрамының санитарлық бөлiмiнде медбике болып iстейдi. 1943 жылғы қарашада қайтадан жараланады. Ауыр жарақаттан жазылып шығысымен 1944 жылдың наурызында 237-атқыштар дивизиясының 835-атқыштар полкiнiң бiрiншi батальонына комсорг болып барады. Ең ақырында 1944 жылғы шiлдеде 70-атқыштар дивизиясының 207-атқыштар полкiнiң екiншi батальонына комсорг болады. 1944 жылғы 2-қазанда қаза табады. Польшадағы Краков воеводствосының Лугмян ауданындағы «Гуто-Полянск» елдi мекенiнiң терiстiк-батыс жағына жерленедi. Өлгеннен кейiн «Қызыл Жұлдыз» орденiмен марапатталады. Украин ақыны М.Левченко Алтыншаштың Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылғанын айтпап па еді? Сонда жұлдыз жоғалып кеткен бе? Шамасы, жоғары жақтағылар қазақ қызына Алтын Жұлдызды қимаған, сосын Қызыл Жұлдызды сыйлаған болу керек. Басқаша пайым жасаудың реті жоқ.

Б.Қанапияновтан кейін Алтыншаштың ізіне түсіп, зерттеген белгілі жазушы Жүсіпбек Қорғасбек екен. Ол Алтыншаштың Мәскеуде тұрған пәтеріне шейін тапқан. Өкінішке қарай, пәтердің бұрынғы иесі туралы көршілер ештеңе білмейтін болып шығыпты. Ж.Қорғасбек Ресей Қорғаныс Министрлігіндегі Офицерлер құрамының тізіміне А.Нұрғожинованың енгізілуіне тікелей ықпал еткен. Соғыста лейтенант болған Алтыншаштың ондай тізімде болмай шыққанын түсіну де қиын.
Ұлт зиялары А.Нұрғожинованың ерлігін дәріптеу туралы мәселе көтермеген десек, ақиқатқа ауыр соғар еді. Осыдан он жылдай бұрын, нақтылап айтқанда, 2016 жылы ақын, ҚР Мемлекет сыйлығының лауреаты Ұлықбек Есдәулет Алтыншаш Нұрғожинованың өмірін, ерлік жолын терең зерттеп, оны Қазақстанның Халық Қаһарманы атағына ұсыну туралы ойын білдірген екен. Бірақ…
Алтын бұйырмаса да оның есімін ардақтауға не кедергі? Неліктен осындай батырларымыздың ізіне түсіп, індете зерттеу жағы кемшін соғып жатады? Сұрақ – көп, жауап – жоқ.
«Ерлерді ұмытса да ел, – сел ұмытпас,
Ерлерді ұмытса да ел, – жел ұмытпас.
Ел үшін жаннан кешіп, жауды қуған
Ерлерді ұмытса да ел, – шөл ұмытпас.
Ел жауын зерттеп, өрт боп, тынбай жортқан,
Ерлерді ұмытса да ел, – бел ұмытпас.
Ел үшін төккен ерлер қанын жұтқан,
Ерлерді ұмытса да ел, – жер ұмытпас.
Арқаның селі, желі, шөлі, белі
Ерлерді ұмытпаса, – ел де ұмытпас!» деген еді ғой Мағжан ақын. Бар –жоғы 20 жасында қыршын кеткен қазақтың батыр қызы Алтыншаш Нұрғожинова туралы білгенімізді біз ортаға салдық, ал, сіз одан әрі тарата жүріңіз.
Абдолла Дастанов,
Қазақстанның құрметті журналисі.