Бүгін Ұлытау облысында ел жастарының патриоттық рухын нығайтуға бағытталған дәстүрлі «Айбын–2025» әскери-патриоттық жиынының ашылу салтанаты салтанатты түрде өтті. Аталған шара Ұлы Жеңістің 80 жылдығы мен Отан қорғаушылар күніне орай ұйымдастырылып отыр.
Сайысқа облысымыздың әр өңірінен келген жалынды жастар қатысып, өздерінің әскери дағдылары мен физикалық дайындықтарын сынауға мүмкіндік алды.
Жиын барысында қатысушыларға жылы лебізін білдіріп, құттықтау сөз сөйлегендер қатарында Ұлытау облысының қоғамдық даму басқармасының басшысы Жайлаубаев Бақытжан Өміртайұлы мен облыстық қорғаныс істері департаментінің басшысы, подполковник Жұманов Ержан Нұртөлеуұлы болды.
Олар ел тыныштығы мен бейбітшілігін қорғау – әр азаматтың қасиетті борышы екендігін атап өтті.
Шараның негізгі мақсаты – жастарды әскери-патриоттық тәрбиеге баулу, салауатты өмір салтын насихаттау және Қарулы Күштердің мәртебесін арттыру. Бұл сайыс – тек бәсекелестік емес, ол – рух пен бірліктің, қайсарлық пен төзімділіктің мектебі.
«Айбын–2025» әскери-патриоттық жиыны жастардың елжандылық қасиетін арттырып қана қоймай, оларды нағыз азамат ретінде қалыптастыруға бағытталған маңызды алаң екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Мұндай шаралар ел болашағы – жастардың бойына патриоттық рух пен жауапкершілікті сіңіруге ықпал ететіні анық.