Ұялы байланыстың сапасы қала тұрғындары үшін өзекті тақырып болып қала беруде. Байланыс сигналының үзілуі және ұялы операторлардың тұрақсыз жұмысына қатысты қала әкімдігіне тұрақты түрде өтініштер мен шағымдар түсіп отыр. Осы мәселелерді шешу мақсатында қала әкімі Мұрат Бөрібаев «Beeline» ұялы байланыс операторының техникалық бөлімінің басшысы Роберт Акоповпен жұмыс кездесуін өткізді.
Кездесу барысында қолданыстағы мәселелер мен телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамыту жоспарлары талқыланды. Өткен жылы қала аумағында жеті базалық станция орнатылған, оның екеуі толық көлемде жұмыс істеп тұр, қалған бесеуін ағымдағы жылы пайдалануға беру жоспарланған.
Сонымен қатар байланыс сапасы әлі де қанағаттанарлықсыз болып отырған Абай көшесінде жаңа базалық станция орнату көзделіп отыр. Жаңа нысан жарықтандырумен жабдықталып, тұрғындарды тұрақты әрі сапалы ұялы байланыспен қамтамасыз етеді.
Қала әкімі ұялы байланыстың тұрақты болуы халықтың қауіпсіздігімен тікелей байланысты екенін атап өтті. Қала орталығында байланыстың болмауы жол берілмейтін жағдай, әсіресе төтенше жағдай кезінде адамдардың жедел түрде көмекке қол жеткізуіне кедергі келтіруі мүмкін.
Осы орайда оператордың техникалық қызметіне байланыс сапасын арттыру және тұрғындардан түсетін шағымдарды азайту мәселесін ерекше бақылауда ұстау тапсырылды. Жоспарланған шаралардың жүзеге асуы қаладағы ұялы байланыстың сапасын жақсартып, тұрғындар үшін жайлы әрі қауіпсіз өмір сүру жағдайларын қалыптастыруға мүмкіндік береді.




