Жұмысшы мамандықтар жылы және құтқарушылардың еңбегі
2025 жыл – елімізде Жұмысшы мамандықтар жылы деп жарияланған. Бұл бастама қоғамдағы еңбек адамдарының мәртебесін арттыруға, олардың қоғам дамуына қосып жүрген үлесін дәріптеуге бағытталған маңызды қадам болып табылады.
Ел өмірінде ерекше орын алатын осындай мамандықтардың бірі – құтқарушы. Құтқарушылар – қиындыққа тап болған сәтте көмекке бірінші болып ұмтылатын, адам өмірін сақтап қалуды өз міндеті деп білетін батыл да қайсар жандар. Олар табиғи апаттар, өрт, су тасқыны, жол-көлік оқиғалары сияқты төтенше жағдайларда тәулік бойы қызмет атқарып, адамдардың қауіпсіздігі үшін өз өмірін қатерге тігеді.
Құтқарушы мамандығы – жоғары жауапкершілікті, кәсіби шеберлікті және жанқиярлықты талап ететін ерекше еңбек. Бұл мамандық иелері әрбір шақыруды адам тағдырымен байланысты деп қабылдап, кез келген жағдайға дайын болуы тиіс.
Жұмысшы мамандықтар жылы аясында құтқарушылардың еңбегін бағалау – ел қауіпсіздігі мен тыныштығының маңыздылығын мойындау деген сөз. Олардың еңбегі – еліміздің тұрақтылығы мен азаматтардың амандығының кепілі.
Құрметті құтқарушылар! Сіздерді Жұмысшы мамандықтар жылы мен кәсіби мерекелеріңіз – Құтқарушылар күнімен шын жүректен құттықтаймыз!
Қиын әрі жауапты қызметтеріңізде сәттілік, отбасыларыңызға амандық пен береке тілейміз. Сіздердің ерліктеріңіз – өскелең ұрпақ үшін нағыз үлгі!