2025 жыл елімізде «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланды. Бұл бастаманың мақсаты – жұмысшы кәсіптердің қоғамдағы беделін көтеру, жастарды еңбекке баулу және кәсіптік-техникалық білімге қызығушылығын арттыру.
Қазіргі таңда елімізге жоғары білімді мамандармен қатар, кәсіби шеберлігі мықты жұмысшы кадрлар да ауадай қажет. Дәнекерлеуші, құрылысшы, электрик, механик, аспаз, тігінші сияқты мамандықтар – ел экономикасының негізі. Осындай кәсіп иелері күнделікті өмірде үлкен рөл атқарады.
«Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда: кәсіби шеберлік байқаулары, кәсіптік оқу орындарының көрмелері, өндірістік тәжірибе бағдарламалары және ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл шаралар жастарға өз болашағын нақты мамандықпен байланыстыруға көмектеседі.
Мемлекет тарапынан да жұмысшы мамандықтарды дамытуға үлкен қолдау көрсетілуде. Заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған колледждер, дуальді оқыту жүйесі, жұмысқа орналасуға мүмкіндік беретін бағдарламалар – осының бәрі жастардың сенімді еңбек жолын бастауына жағдай жасайды.
Еңбек – адамды адам ететін ұлы күш. Сондықтан да «Жұмысшы мамандықтар жылы» – тек бір саланың ғана емес, тұтас қоғамның дамуына серпін беретін маңызды қадам. Әрбір жас еңбек етуден ұялмай, өз ісінің шебері болуға ұмтылуы тиіс.