ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҚТАР ЖЫЛЫ
2025 жыл Қазақстанда Жұмысшы мамандықтар жылы деп жарияланды. Бұл бастама Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде жүзеге асып, еңбек адамына деген құрметті арттыруға, жұмысшы кәсіптерінің маңызын насихаттауға бағытталған.
Бағдарламаның басты мақсаты – жұмысшы мамандықтарының беделін көтеру, кәсіптік-техникалық білім беруді дамыту және жастарды өндірістік салаға тарту. Қазіргі таңда экономиканың әртүрлі саласында білікті дәнекерлеуші, электрик, құрылысшы, механизатор, аспаз, наубайшы, токарь сияқты мамандарға сұраныс жоғары. Сондықтан бұл салада білім мен тәжірибені ұштастыра білетін кадрлар даярлау – мемлекет үшін басым бағыттардың бірі.
Жыл аясында елімізде түрлі іс-шаралар өткізілуде: кәсіби шеберлік байқаулары, жұмысшы мамандықтарын дәріптейтін форумдар, көрмелер, ардагер еңбеккерлермен кездесулер, кәсіптік бағдар беру сабақтары және еңбек жәрмеңкелері ұйымдастырылып жатыр. Сонымен қатар, WorldSkills Kazakhstan сияқты халықаралық форматтағы байқаулар арқылы жастардың кәсіби өсуіне мүмкіндік беріледі.
Жұмысшы мамандықтар жылы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жаңартуға да серпін беріп отыр. Колледждер мен өндіріс орындары арасындағы серіктестік нығайып, дуальды оқыту жүйесі кеңейіп келеді.
Бұл жыл – тек еңбек саласын дәріптеу ғана емес, нақты маман иелерінің мәртебесін көтеру, олардың қоғамдағы рөлін таныту және еңбек адамын үлгі ету кезеңі.