Жүйелі көзқарас
Алдымен айта кетейін: осы мақаланы дайындау барысында тағы бір мәрте көзім жетті — Жаңа Қазақстанды құрудың жеті жылы бойында әрбір қадам, әрбір бағыт, әрбір қойылған міндет міндетті түрде тұжырымдамалық көзқарас пен жүйелі жоспарлауға сүйеніп жүзеге асып келеді. Алдымен — тұжырымдама, жоспар, бағдарлама, содан соң — іс-қимыл, түзету, нәтиже. Мұндай тәсіл тек салалық жобаларға ғана емес, өңірлердің кешенді дамуына да бірдей дәрежеде қолданылады.
2020 жылдың қыркүйегінде Мемлекет басшысы жүйелі реформаларды бастай отырып, еліміздің теңгерімді аумақтық дамуын қамтамасыз етуді маңызды міндет ретінде қойды. Бұл бағыт жаңа мемлекеттік басқару үлгісі мен жаһандық өзгерістерге бейімделген экономикалық саясаттан кейінгі ең өзекті үш басым бағыттың бірі ретінде айқындалды.
Президент тек жекелеген мәселелерді атап көрсетіп қана қоймай, елдің аумақтық және кеңістік дамуына деген көзқарастың өзін түбегейлі қайта қарау қажеттігін баса айтты. Өңірлер арасындағы экономикалық мамандану мен халықтың өмір сүру деңгейі, мемлекеттік қызметтердің сапасындағы айырмашылықтарды мойындай отырып, Мемлекет басшысы жаңа өңірлік саясаттың басты қағидасын белгіледі: әрбір өңірдің бәсекелік артықшылықтарын ескере отырып, аумақтық дамуды жүйелі түрде қалыптастыру.
Сонымен қатар, өңірлік дамуға деген жаңа көзқарас басқарылатын урбанизацияға жол ашып, көші-қон толқындарының кезең-кезеңімен жүзеге асуына мүмкіндік берді. Бұл ірі қалалардағы халықтың шамадан тыс шоғырлануын және әлеуметтік шиеленісті болдырмауға сеп болды. Ал ауылдың әлеуетін толық ашу — стратегиялық маңызы бар міндет ретінде айқындалды.
Бір жылдан кейін, 2021 жылы, бұл бастамалар «Халық бірлігі мен жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауда толықтырылды. Онда өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы теңсіздіктерді азайту мәселесіне айрықша назар аударылды. Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Кемелұлы өңірлердің қаржылық дербестігін арттыру қажеттігін атап өтті. Бұл — әкімдердің жергілікті бизнесті дамытуға, инвестиция тартуға және салық базасын кеңейтуге деген мүдделілігін арттырумен қатар жүруі тиіс болды.
Урбанизацияның тұрақты үрдісін ескере отырып, Мемлекет басшысы агломерацияларды дамыту туралы заң әзірлеуді тапсырды. Бұл заң 2023 жылдың қаңтарында қабылданды. Президенттің айтуынша, миллион тұрғыны бар мегаполистер елдің жаһандық бәсекеге қабілеттілігінің тірегіне айналуы қажет, ал облыс орталықтары өз өңірлерінің өсім нүктелеріне айналуы тиіс. Сонымен бірге, моноқалалардың болашақтағы даму бағытына қатысты нақты әрі байыпты шешімдер қабылдау қажет екені де айтылды.
Елдің «ішкі тұтастығын» күшейту мақсатында орталық пен өңірлерді байланыстыратын бірыңғай көлік жүйесін қалыптастыру және әрбір облысқа арналған инфрақұрылымдық даму бағдарламаларын іске қосу тапсырылды.
Президент бұл тәсілдерді 2022 жылдың ақпанында өз Жарлығымен бекітілген 2025 жылға дейінгі аумақтық даму жоспарына енгізуді міндеттеді. Аталған жоспар өңірлердің кешенді дамуын, халықтың өмір сүру сапасы мен деңгейін арттыруды, әр өңірдің бәсекелік артықшылықтарын ескере отырып жаңа «өсім нүктелерін» айқындауды көздеді.
Бұл жоспар елдің соңғы 30 жылда қалыптасқан теңсіздіктерін жоюға бағытталған өңірлік реформалардың стратегиялық бағдаршамына айналды. Жоспарды іске асыру кезеңінде Қазақстан халқының саны 780 мың адамға өсіп, 19,5 миллионнан 20,3 миллионға жетті. Орташа өмір сүру ұзақтығы 70,4 жылдан 75,4 жылға дейін ұзарды. Урбанизация деңгейі 2020 жылғы 59%-дан 2025 жылы 63%-ға дейін артты. Ал жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім 9,1 мың АҚШ долларынан 14,7 мың долларға дейін өсті.
2025 жылдың тамыз айында бұл жоспардың орнын жаңа құжат — 2030 жылға дейінгі Қазақстанның өңірлік даму тұжырымдамасы басты. Ол алдыңғы жылдардағы тәжірибені және жаңа заманның талаптарын ескере отырып әзірленді.
