«Жолдау – әділетті қоғам мен берекелі болашақтың негізі»

Жаңалықты бөлісіңіз:

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылға арналған Қазақстан халқына Жолдауы – ел дамуының жаңа стратегиялық бағытын айқындайтын маңызды құжат. Президент өз сөзінде елдің әлеуметтік, экономикалық және рухани салаларын кешенді түрде қамтып, қоғамның даму бағыттарын нақтылап берді.

 

Биылғы Жолдауда ерекше назар аударылған мәселелердің бірі – әділетті қоғам мен тиімді мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастыру. Президент атап өткендей, билік пен қоғам арасындағы өзара сенімді арттырудың ең тиімді жолы – ашықтық пен цифрландыру. Бұл бағытта цифрлық технологияларды кеңінен енгізу арқылы мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын арттырып, халықтың билікке деген сенімін нығайтуға болады.

 

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» бастамасын жалғастырудың маңыздылығын ерекше атап өтті. Бұл – тек экологиялық жоба емес, бұл – қоғам мәдениетінің көрсеткіші. Қоршаған ортаны қорғау, тұрмыстық қалдықтарды дұрыс сұрыптау, өз ауламызды, қаламызды таза ұстау – әр азаматтың парызы. Жезқазған өңірі үшін бұл мәселе айрықша маңызды. Өнеркәсіптік аймақ болғандықтан, экологиялық жүктеме жоғары. Сондықтан табиғатты қорғау, жасыл аймақтар құру, жаңа аллеялар мен скверлер ашу – жергілікті билік пен тұрғындардың ортақ міндеті.

 

Президент Жолдауында отбасы құндылықтарын нығайту, жастар тәрбиесі мен әлеуметтік саясаттың тиімділігін арттыру мәселелеріне де баса назар аударылды. Отбасы – мемлекеттің тірегі, қоғамның айнасы. Өкінішке қарай, соңғы жылдары отбасылық даулар, ажырасу, тұрмыстық зорлық-зомбылық сияқты мәселелер жиілеп отыр. Бұл – қоғамның рухани саулығына тікелей әсер ететін факторлар. Сондықтан да мемлекет тарапынан отбасы институтын қолдау, ата-аналардың жауапкершілігін күшейту, балалардың қауіпсіз және бақытты өмір сүруін қамтамасыз ету маңызды міндет ретінде айқындалды.

 

Мемлекет басшысы жастарды қолдау мәселесін де назардан тыс қалдырған жоқ. Жастардың сапалы білім алуы, жұмыспен қамтылуы, өз ісін ашуға мүмкіндік алуы – елдің болашағына салынған инвестиция. Осы тұрғыда мәслихаттар мен жергілікті атқарушы органдардың рөлі айрықша. Біз, Жезқазған қалалық мәслихатының депутаттары, аймақтағы жастар бастамаларын, экологиялық жобаларды, отбасылық құндылықтарды насихаттайтын шараларды қолдауға әрдайым дайынбыз.

 

Президенттің Жолдауы – ел дамуының нақты бағдары ғана емес, әр азаматтың өмірлік ұстанымына айналуы тиіс құжат. Онда көрсетілген әрбір тапсырма – еліміздің ертеңгі өркендеуі үшін жасалған қадам.

 

«Әділетті Қазақстан» идеясын жүзеге асыру – баршамыздың ортақ борышымыз. Әркім өз саласында, өз жұмыс орнында, өз отбасында әділдік пен жауапкершілік қағидатын ұстанса ғана қоғам шынайы жаңарады.

 

Жолдау – бұл жай сөз емес, іс-қимылға шақыру. Елдің болашағы үшін бірігіп еңбек етіп, табиғатты аялау, қоғамда ізгілік пен тәртіп орнату, отбасының берекесін сақтау – біздің басты міндетіміз.

 

 

Раушан Қапарова,

Жезқазған қалалық мәслихатының төрағасы

By admin

Related Post

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *