Медициналық көмектің екі пакеті
2025 жылғы 14 шілдеде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіруге бағытталған заңға қол қойды. Бұл құжат денсаулық сақтау саласындағы қаржыландыру механизмдерін жаңғыртып, мемлекет есебінен көрсетілетін әлеуметтік маңызы бар аурулар тізімін қайта қарауға мүмкіндік берді.
2026 жылдан бастап ТМККК пакеті аясында тексеру мен емдеу әлеуметтік маңызы бар бірқатар аурулар бойынша жүргізіледі. Олардың қатарында:
туберкулез;
АИТВ инфекциясы;
қатерлі ісіктер;
созылмалы вирустық гепатиттер және бауыр циррозы;
психикалық және мінез-құлықтық бұзылыстар;
орфандық аурулар;
жүйке жүйесінің дегенеративті аурулары;
орталық жүйке жүйесінің демиелинизациялаушы аурулары;
эпилепсия;
жедел миокард инфаркті (алғашқы 6 ай ішінде);
инсульт (бір жыл ішінде).
Сонымен қатар, әлеуметтік маңызы бар және кең таралған ауруларды ерте анықтау үшін скринингтік тексерулер, соның ішінде қатерлі ісікке арналған скринингтер де азаматтардың сақтандыру мәртебесіне қарамастан тегін жүргізіледі.
ТМККК пакеті аясында тұрғындарға жедел және шұғыл медициналық көмек, санитарлық авиация, жедел жәрдем қызметі, алғашқы медициналық-санитарлық көмек, вакцинация, паллиативті көмек және жедел стационарлық ем қолжетімді.
МӘМС пакеті қандай қызметтерді қамтиды?
Ал қалған медициналық қызметтердің басым бөлігі МӘМС пакеті арқылы көрсетіледі. Оның ішінде консультативті-диагностикалық көмек, МРТ, КТ, ПЭТ КТ, ультрадыбыстық зерттеу сияқты қымбат диагностикалық қызметтер бар. Сондай-ақ амбулаторлық жағдайда дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, стационардың орнын басатын көмек, жоспарлы стационарлық ем, медициналық оңалту және пациенттің денсаулығын қалпына келтіруге бағытталған ем-шаралар осы пакетке кіреді.
2026 жылдан бастап МӘМС жүйесінде диспансерлік есепте тұрған азаматтардың бірқатар созылмалы ауруларын бақылау және емдеу де қарастырылған. Бұл тізімге:
қант диабеті;
балалардың церебралды сал ауруы;
дәнекер тіннің жүйелі аурулары;
ревматизм;
артериялық гипертония;
жүректің ишемиялық ауруы және басқа жүрек аурулары;
төменгі тыныс жолдарының созылмалы аурулары;
бүйрек аурулары;
ас қорыту жүйесінің аурулары;
сүйек-бұлшықет жүйесі аурулары кіреді.
Бұл диагноздары бар азаматтар амбулаториялық және стационарлық жағдайда барлық қажетті емді, оның ішінде қымбат дәрі-дәрмектерді де ала алады.
Медициналық қызмет сапасына бақылау
Медициналық көмектің сапасын бақылау мақсатында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының әр филиалында арнайы бөлім жұмыс істейді. Онда тәжірибелі дәрігер-сарапшылар көрсетілген қызметтердің клиникалық хаттамалар мен медициналық стандарттарға сәйкестігін тексереді.
Мониторинг автоматтандырылған жүйелер арқылы және медициналық ұйымдарға барып жүргізіледі. Мемлекеттік те, жекеменшік те емдеу мекемелері бақылауға алынады. Егер медициналық қызмет көрсету барысында кемшіліктер анықталса, денсаулық сақтау ұйымдарына айыппұл санкциялары қолданылады.
Мысалы, өткен жылы Ұлытау облысында бірыңғай төлем жүйесі арқылы 22 658 ақау анықталған. Оның ішінде:
21 787 – консультациялық-диагностикалық қызметтердегі кемшіліктер;
2 613 – емдеу-диагностикалық іс-шаралардың клиникалық хаттамалардан ауытқуы;
346 – медициналық құжаттаманы дұрыс рәсімдемеу;
2 – көрсетілген қызметтердің расталмауы.
Сақтандырылмаған азаматтар – өзекті мәселе
Бүгінде өңір үшін өзекті мәселелердің бірі – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде сақтандыру мәртебесі жоқ тұрғындардың саны. Қазіргі уақытта Ұлытау облысында 17 754 азамат МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған. Бұл азаматтар толық көлемде медициналық қызмет ала алмайды, сондықтан олардың сақтандыру мәртебесін реттеу маңызды.
Сақтандырылмағандардың қатарында:
1 129 адам – жеке кәсіпкерлер;
6 587 адам – жалдамалы жұмыскерлер;
1 095 адам – азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде табыс табатын азаматтар.
Талдау көрсеткендей, сақтандыру мәртебесі жоқ азаматтардың басым бөлігі – жалдамалы жұмыскерлер. Көп жағдайда бұл жұмыс берушілердің міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне аударымдар мен жарналарды уақытылы төлемеуіне байланысты орын алады. Соның салдарынан қызметкерлер медициналық көмек алу кезінде қиындықтарға тап болуы мүмкін.
Сондықтан жұмыс берушілер тарапынан әлеуметтік жауапкершілікті күшейтіп, МӘМС жүйесіне тиесілі төлемдерді уақытында аудару аса маңызды. Бұл өз кезегінде қызметкерлердің денсаулығын қорғауға және сапалы медициналық көмекке қолжетімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Өңірлер бойынша сақтандырылмаған азаматтар саны төмендегідей:
Жезқазған қаласы – 9 305 адам;
Сәтбаев қаласы – 4 021 адам;
Қаражал қаласы – 1 283 адам;
Жаңаарқа ауданы – 2 544 адам;
Ұлытау ауданы – 601 адам.
Осы мәселені шешу мақсатында жергілікті атқарушы органдар, жұмыс берушілер және жауапты мекемелер тарапынан түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, тұрғындарды МӘМС жүйесіне қатысуға ынталандыру шаралары жалғасуда.
МӘМС жүйесінде жаңа қолдау шарасы
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында денсаулық сақтау жүйесін жаңғыртудың жаңа бағыттарын айқындады.
Осы тапсырмаға сәйкес 2026 жылдың қаңтарынан бастап әлеуметтік әл-ауқаты төмен, «D» және «E» санаттарына жататын азаматтар жергілікті бюджет есебінен МӘМС жүйесінде сақтандырылады.
Бұл тетік Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры және жергілікті атқарушы органдар арасындағы ведомствоаралық өзара іс-қимыл аясында жүзеге асырылады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ай сайын D және E санаттарына жататын жұмыссыз азаматтардың тізімін Қорға жолдайды. Осы тізімнің негізінде оларға автоматты түрде «сақтандырылған» мәртебесі беріледі. Медициналық көмек шектеусіз көрсетіледі, ал көрсетілген қызметтердің қаржыландыруын Қор жүзеге асырып, кейіннен жергілікті атқарушы органдар тарапынан өтеледі.
2026 жылғы 25 ақпандағы жағдай бойынша Ұлытау облысында МӘМС жүйесінде D және E санаттарына жататын 5 502 азамат сақтандырылған. Оның ішінде:
· D санаты – 4 194 адам;
· E санаты – 1 308 адам.
Бұл санаттарға табысы төмен, мемлекеттік әлеуметтік төлемдер алатын, көбіне тұрақты жұмысы, баспанасы мен көлігі жоқ, несие жүктемесі жоғары және денсаулық жағдайында мәселелері бар азаматтар жатады. Аталған азаматтардың басым бөлігі ауылдық жерлерде тұрады.
«Сақтандыру» ақпараттық жүйесінің деректеріне сәйкес, 2026 жылдың қаңтар айында Ұлытау облысында 47 тұрғын медициналық көмекке жүгінген. Оның ішінде:
· 33 адам – D санаты,
· 14 адам – E санаты.
Ақпараттық жүйеде көрсетілген медициналық қызметтердің тиісті тізілімі қалыптастырылып, оның негізінде жергілікті атқарушы органдарға 501 548 теңге көлемінде шот ұсынылды.
МӘМС жүйесіне төленетін жарна мөлшері ағымдағы қаржы жылынан екі жыл бұрынғы кезеңдегі өңірдің орташа айлық жалақысына қарай есептеледі. Бұл көрсеткішті мемлекеттік статистика органдары айқындайды.
Мәселен, 2024 жылы Ұлытау облысында орташа айлық жалақы 533 562 теңгені құрады. Ал жарна мөлшері оның 2 пайызы, яғни 10 671 теңге болып белгіленген.
Медициналық көмек алу тәртібі
Тегін медициналық көмек алу үшін азаматтар өздерінің тұрғылықты жері бойынша тіркелген емханаға жүгінуі тиіс. Онда жалпы практика дәрігері қажетті тексерулерге немесе бейінді маманға жолдама береді.
Маңыздысы – әр тұрғын емханаға тіркелуі керек. Себебі тіркелмеген азамат дәрігер қабылдауына жазылып, диагностикалық тексерулерге жолдама ала алмайды. Сонымен қатар зерттеулер мен мамандарға жолдама тек медициналық көрсетілім болған жағдайда ғана беріледі.
Жүйенің басты қағидаты – ортақ жауапкершілік
МӘМС жүйесі жинақтаушы жүйе емес. Яғни азаматтың төлеген жарнасының көлеміне қарамастан, барлық сақтандырылған адамдарға қажетті медициналық көмек көрсетіледі. Барлық қаржы Ұлттық банктегі арнайы бірыңғай шотта жинақталып, одан сақтандырылған азаматтарға көрсетілген қызмет үшін төленеді.
Бұл жүйе әлеуметтік бағдарланған принцип бойынша құрылған. Оның мақсаты – науқасқа қажет емнің көлемін немесе құнын шектемеу.
Денсаулық сақтау саласына бөлінген қаржы
2026 жылы Ұлытау облысында ТМККК және МӘМС жүйелері арқылы медициналық көмек көрсетуге 25,1 млрд теңге қарастырылған. 2025 жылмен салыстырғанда 1 млрд теңгеге артық. Бұл қаржы өңір тұрғындарының сапалы әрі қолжетімді медициналық қызмет алуына бағытталады.
ТМККК және МӘМС жүйелері аясында медициналық қызмет көрсету үшін 2026 жылы 31 медициналық ұйыммен келісімшарт жасалды. Оның ішінде 13-і мемлекеттік, 18-і жекеменшік медициналық ұйымдар.
Денсаулық – адам өміріндегі ең үлкен құндылық. Сондықтан мемлекет тарапынан халықтың денсаулығын қорғауға бағытталған бағдарламалар мен қолдау шаралары алдағы уақытта да жалғаса бермек.
Әлия Байтокова,
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының
Ұлытау облысы бойынша филиалының директоры.




