Конституциялық комиссияның екінші отырысында Парламент Сенатының депутаты Нұрлан Бекназаров Құрылтайдың қызметін азаматтар үшін ашық әрі түсінікті етуге бағытталған конституциялық түзетулер туралы баяндады. Оның айтуынша, ұсынылып отырған өзгерістер депутаттардың жауапкершілігін арттырып, билік институттарына деген қоғамдық сенімді нығайтуға негізделген.
Нұрлан Бекназаровтың сөзінше, негізгі жаңашылдықтардың бірі — депутаттардың дауыс беру тәртібіне қатысты. Енді әрбір депутат дауыс беруге тек жеке өзі қатысуға міндетті болады. Дәлелді себепсіз отырыстарға қатыспауға қатаң шектеу қойылып, дауыс беру құқығын басқа адамға беру мүмкіндігі толығымен алынып тасталады. Бұл шешімдер Құрылтайдың жұмыс сапасын арттырып, қабылданатын шешімдердің саналы әрі жауапкершілікпен қабылдануын қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар ұсынылған түзетулер Құрылтай депутаттарының құқықтық қорғалу тетіктерін де күшейтеді. Атап айтқанда, аса ауыр қылмыстарды қоспағанда, Құрылтайдың келісімінсіз депутатты ұстауға немесе қылмыстық жауапкершілікке тартуға жол берілмейді. Бұл норма Құрылтай қызметінің тәуелсіздігін қамтамасыз етіп, оның тұрақты әрі үздіксіз жұмыс істеуіне кепілдік береді.
Депутаттық мандаттан айыру мәселесі де нақты әрі айқын негіздермен шектелмек. Нұрлан Бекназаровтың айтуынша, мұндай шешім тек объективті жағдайлар орын алған кезде ғана қабылданады. Олардың қатарында шетелге тұрақты қоныс аудару, Қазақстан Республикасының азаматтығынан айырылу, саяси партия қызметінің тоқтатылуы немесе айыптау үкімінің заңды күшіне енуі бар. Бұл талаптар депутаттардың адал әрі ашық қызмет етуіне бағытталған.
Сонымен бірге Орталық сайлау комиссиясы депутаттардың этикалық нормаларды сақтауын бақылауды және тиісті жауапкершілік шараларын қолдануды жалғастырады. Ал Құрылтай Конституция мен заңдарға өзгерістер енгізу үдерісін тиімді әрі жүйелі түрде жүзеге асыратын негізгі алаңға айналады.
Нұрлан Бекназаровтың пікірінше, бұл өзгерістер қазақстандықтар үшін мемлекеттік маңызы бар шешімдердің кәсіби деңгейде, қоғам мүддесін ескере отырып қабылданатынына кепілдік береді. Сондай-ақ әрбір депутаттың өз шешімі мен дауысы үшін жеке жауапкершілік көтеруі билік пен қоғам арасындағы сенімді нығайта түседі.




