Ұлытау облысының прокуратурасы Қазақстан азаматтарын шет мемлекеттердегі қарулы қақтығыстарға қатысуға қатысты ескерту жасады. Қазіргі уақытта әлемдегі геосаяси жағдайларға байланысты кейбір шет мемлекеттерде әскери қақтығыстар күнделікті орын алуда. Бұл бейбітшілік пен адамзат қауіпсіздігіне қарсы әрекет болып саналады және халықаралық құқыққа сәйкес қатаң түрде бағаланады.
Қазақстан Республикасы азаматтарының шет мемлекеттердің аумағында қарулы қақтығысқа немесе соғыс қимылдарына қатысуы үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Егер Қазақстан азаматы шетелдегі қақтығысқа қасақана қатысса, бұл Қылмыстық кодекстің 172-бабына сәйкес қылмыс болып табылады. Онда жазалау бес жылдан тоғыз жылға дейін бас бостандығынан айыру түрінде көзделген. Мұндай іс-әрекетке жалдамалылық немесе құқыққа сыйымсыз басқа белгілер қоса алынған жағдайда жазаның ауырлығы арттырылады.
Сонымен қатар, мемлекеттің аумақтық тұтастығын бұзуға немесе конституциялық құрылысты құлатуға бағытталған әрекеттер – оқыту, үгіт-насихат жүргізу, адамдарды азғыру, қаржыландыру немесе басқа да материалдық қамтамасыз ету – Қылмыстық кодекстің 170-бабымен қатаң жазаланады. Бұл бап бойынша жауапкершілік жеті жылдан өмір бойына дейін бас бостандығынан айыруды қамтиды.
Ұлытау облысының прокуратурасы азаматтарды шет мемлекеттердегі кез келген қарулы қақтығыстарға араласудан аулақ болуға шақырады. Азаматтық жауапкершілік пен заңды құрметтеу – қоғамдағы бейбіт өмірдің, қауіпсіздіктің және тұрақтылықтың кепілі. Сонымен қатар, өз әрекеттері арқылы адамдар мен мемлекетке зиян келтірмеу – әрбір азаматтың азаматтық борышы болып табылады.
Бұл ескерту құқықтық мәдениетті арттыру, заңға бағынуды нығайту және Қазақстан азаматтарының халықаралық заң нормаларын сақтауын қамтамасыз етуге бағытталған.




