Жезқазған қаласында «112 KZ» телебағдарламасының кезекті шығарылымы түсірілді. Бұл – Ұлытау облысында дайындалған екінші арнайы бөлім.
Ulytau облыстық телеарнасының шығармашылық тобы жаңа бағдарламаны түсіру жұмыстарын жүргізді. Жоба төтенше жағдайлар қызметінің жұмысын кеңінен таныстырып, тұрғындарға қауіпсіздік ережелерін насихаттауға арналған.
Түсірілім авиациялық ангар аумағында өтті. Арнайы алаңда заманауи техника, құтқару жабдықтары және төтенше жағдай кезінде қолданылатын арнайы құралдар таныстырылды. Сонымен қатар жедел әрекет ету тәсілдері көрсетілді.
Бағдарламаға Ұлытау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, полковник Есен Байыров қатысып, өңірдегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жайлы айтты. Ол техникалық базаны жаңарту, қызметкерлердің кәсіби дайындығын арттыру және бөлімшелердің жедел мүмкіндіктерін күшейту мәселелеріне тоқталды.
Жоба аясында көрермендер құтқарушылардың жауапты еңбегімен танысып, төтенше жағдай кезінде дұрыс әрекет ету жолдарын біле алады. Бұл бағдарлама халыққа пайдалы әрі танымдық ақпарат ұсынады.
Түсірілген жаңа шығарылым жуық арада өңірлік телеарна эфирінен көрсетіледі. «112 KZ» тележобасы алдағы уақытта да қауіпсіздік тақырыбындағы маңызды мәселелерді көтеруді жалғастырады.




