Сәтбаев қаласындағы Ә.Марғұлан атындағы мектеп базасында «Есірткісіз болашақ!» атты ауқымды форум өтті. Іс-шараға қала мектептерінен жиналған 400-ге жуық жоғары сынып оқушылары қатысты. Форумның негізгі мақсаты – жасөспірімдер мен жастар арасында есірткінің зиянын кеңінен түсіндіріп, оларды салауатты өмір салтын ұстануға шақыру, қоғамда есірткіге қарсы көзқарасты қалыптастыру.
Форумның ашылуында Ұлытау облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Ербол Қайырбеков сөз сөйлеп, есірткі мәселесі тек құқық қорғау органдарының емес, тұтас қоғамның ортақ мәселесі екенін атап өтті.
– Жастар – елдің ертеңі. Сондықтан оларды жаман әдеттен, зиянды әрекеттерден қорғау – баршамыздың міндетіміз. Есірткіге қарсы күрес тек қылмыстың алдын алу емес, бұл – ұлт болашағын қорғау, – деді ол.
Форум барысында полиция қызметінің қыр-сырын таныстыратын бірнеше арнайы алаң ұйымдастырылды. Қызметтік иттер есірткі мен тыйым салынған заттарды анықтау бойынша өз мүмкіндіктерін көрсетіп, көрермендердің қызығушылығын арттырды. Сонымен қатар жедел қимылдайтын арнайы жасақ сарбаздары жауынгерлік дайындықтарын көрсетіп, түрлі тактикалық тәсілдерді паш етті.
Оқушылар арасында АК автоматын шашып-жинаудан жарыс өткізіліп, жастардың әскери дайындығы мен отансүйгіштік рухы сынға түсті. Мұндай сайыстар жас буынның тәртіпке, жауапкершілікке және елге қызмет етуге деген қызығушылығын арттыра түсетіні айтылды.
Шара соңында есірткіге қарсы күреске, қоғамдық жұмыстарға және жастар тәрбиесіне белсенді атсалысып жүрген азаматтар Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі мен облыстық Полиция департаментінің атынан марапатталды.
– Болашақ жарқын болуы үшін жастар есірткіден аулақ болуы керек. Салауатты өмір салтын таңдау – әр адамның өз қолында, – деп түйіндеді ұйымдастырушылар.




