Ел Президенті Қасым - Жомарт Тоқаевтың елімізде саяси реформалар жасау жөніндегі бастамасына қатысты сөзін көпшіліктің асыға тосқаны рас. «Осы Құрылтайда соған байланысты референдум өткізілетін күн де белгіленіп қалады» деген сәуегейлердің үміті ақталмады. Есесіне Президент өзінің ойларын, ұстанымдарын жариялап, Ата Заңға енгізілетін өзгерістерді әлі де елеп-екшеу қажеттігін айтып, арнайы Конституциялық комиссия құру керектігіне тоқталды. Комиссия құрамына 100-ден аса адам кіретін болады.Комиссия барлық ұсыныстарды талдауден өткізген соң ғана, бүкілхалықтық референдумның күні белгіленеді.

Қасым – Жомарт Тоқаев жариялаған ұсыныстарға сәйкес, алдағы уақытта жаңа бір палаталы Парламент «Құрылтай» деп аталуы мүмкін. «Құрылтай» 145 депутаттан құралады деп күтілуде. «Құрылтайдың» өкілеттігі -5 жыл. Мұнда 8 комитет және 3 вице –спикер болмақ.
Егер кейін рефрендумға қойылып, халық қолдау білдіретін болса, жаңа Парламентте президенттік квота және ҚХА квотасы болмайды. Құрылтайдың барлық мүшелері партиялық тізімдер бойынша сайланады. Бәрінің мандаты бірдей болады. Бірақ, өңірлерде мажоритарлық жүйе сақталып қалатын болады. Пропорционалды жүйе бойынша Парламентке өту шегі 5% болып қалады. Конституциялық Соттың, Жоғары аудиторлық палатаның және Орталық сайлау комиссиясының барлық мүшелерiн тағайындау тек Парламенттiң келiсiмiмен ғана жүргiзiледi. Жоғарғы Соттың барлық судьялары да Президенттің ұсынысымен Парламент арқылы сайланады.
Қазақстан Халқы Ассамблеясы мен Ұлттық Құрылтай қызметі тоқталып, олардың қызметтері жаңадан құрылатын Халық Кеңесіне ауысады. Халық Кеңесі 126 адамнан тұрады, олардың арасында этномәдени бірлестіктерден – 42, мәслихаттардан – 42, қоғамдық ұйымдардан - 42 өкіл кіреді. «Халық кеңесі» жылына бір рет отырыс өткізеді.
Ел Президентінің ешкім күтпеген ұсынысы вице-президент лауазымын енгізу туралы болды. Парламенттің келісімі арқылы вице – президентті Президент тағайындайды. Қазіргі кездегі Мемлекеттік кеңесші лауазымы жойылады.
Әрине, мұның бәрі әзірге Президенттің ұсыныстары екенін ұмытпау керек. Конституциялық комиссия екшеуінен өткен соң, халықтың қолдауын иеленгенде ғана , Ата Заңда орын табады.
Сонымен, елді елеңдеткен Ұлт Құрылтайы өтті. Президент ұстанымдары жарияланды. Саяси реформаның негізгі бағыттары айқындалды. Ендігі міндет сол ұсыныстарға байланысты әрбір азамат өзінің көзқарасын білдіріп, ойға ой қосу, нақты ұсыныстар білдіру болса керек. Өйткені, саяси реформа баршамыздың мақсат – мұраттарымызға , ой – мүддемізге өз әсерін тигізетіні анық.
Абдолла Дастанов,
«Шындық» қоғамдық бірлестігінің төрағасы.




