Күн тәртібінде қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуының 2025 жылғы қорытындылары және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласының атқарылған жұмыстары мен 2026 жылға арналған жоспарлар қаралды.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Сәтбаев қаласында бірқатар оң көрсеткіштерге қол жеткізілді. Қала халқының саны 67 941 адамды құрады. Орташа жалақы 719,6 мың теңгеге жетіп, облыс бойынша жоғары деңгейде сақталды. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 114,5 млрд теңгені құрап, жоспар артығымен орындалды. Бұл туралы экономика бөлімінің басшысы Саят Симанов баяндады.

Ауыл шаруашылығы өнімінен күтіледі: жалпы көлемі 2,19 млрд теңге. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 47,5 млрд теңге.
Құрылыс саласында да оң серпін бар. 21 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға беріліп, кредиттік тұрғын үйлердің құрылысы аяқталды. Қалалық бюджеттің өзіндік кірістері 14,9 млрд теңгені құрап, жоспар 107 пайызға орындалды.
Жұмыспен қамту бағытында 1400-ден астам адам тұрақты жұмысқа орналастырылды. Мемлекеттік гранттар беріліп, оқыту шаралары жүргізілді. Қылмыс деңгейі 10 пайызға төмендеді. Білім беру саласында барлық мекемелер цифрландырылып, балаларды қамту 100 пайыз деңгейінде сақталды.
Жиын қорытындысында қала әкімі жауапты бөлім басшыларына экономикалық өсімді қамтамасыз ету, инвестициялық ахуалды жақсарту, бюджет кірістерін ұлғайту және 2026 жылға жоспарланған көрсеткіштердің сапалы орындалуын қамтамасыз ету бойынша нақты тапсырмалар берді.




