Ұлытау-Жезқазған өңірінде көрнекті ғалым, Ұлттық ғылым академиясының негізін қалаушы Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың туған күніне орай ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылды. Биылғы мерейтойлық жиынның мәні ерекше. Себебі 1926 жылы Томск технология институтын тәмамдаған жас инженер-геологтың Қарсақбайға келіп, осы өңірде еңбек жолын бастағанына 100 жыл толып отыр.
«Қаныш Сәтбаев және Үлкен Жезқазған» атты салтанатты кездесу жиыны тарихи Қарсақбай кентінде өтті. Іс-шара «Қазақмыс Корпорациясы» жанындағы ардагерлер кеңесінің бастамасымен, Ұлытау ауданы әкімдігі мен облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен ұйымдастырылды.
Мерейтойлық шара Қарсақбай кентіндегі Мәдениет үйінде бастау алды. Ғасырлық тарихы бар нысан қабырғасына ескерткіш тақта орнатылып, салтанатты түрде ашылды. Бұл ғимарат өңірдің мәдени-рухани өмірінде айрықша орын алады. Айта кету керек, 1926 жылы дәл осы жерде Қарсақбай ауданының құрылуына арналған алғашқы конференция өткен болатын.
Ескерткіш тақтаны ашу рәсімінде Ұлытау ауданы әкімінің орынбасары А.Қ. Сакипов құттықтау сөз сөйлеп, жиынның маңыздылығына тоқталды. ҚР еңбек сіңірген әртісі С. Оспанов ізгі тілегін білдірді. Ал ескерткіш тақтаны ашу құрметі ҚР халық әртісі Досжан Жанботаев пен «Қазақмыс Корпорациясы» ардагерлер ұйымының төрағасы Төлеген Бүкіровке берілді.
Іс-шара аясында ардагерлер мен жастардың «Қаныш Сәтбаев және Үлкен Жезқазған» тақырыбындағы тағылымды кездесуі өтті. Жиынды Қарсақбай кентінің әкімі А.М. Әлімсейіт ашып, Қарсақбай металлургия зауытының директоры Мұрат Мәткенов құттықтау сөз сөйледі.
Кездесу барысында сала ардагерлері мен зиялы қауым өкілдері Қаныш Сәтбаевтың өмір жолы, оның Ұлытау-Жезқазған өңіріндегі ғылыми қызметі мен тарихи еңбектері жайында естеліктерімен бөлісті. Ардагерлер қатарында Владимир Сенин, Валентина Машинская, Айтболат Мұқанов, сондай-ақ мәдениет қайраткерлері Ғ. Мұхамедин мен С. Оспанов болды. Өнерпаздар ғалымның сүйіп айтқан әндерін орындап, кештің мазмұнын байыта түсті.
Сонымен қатар, Мәдениет үйінде Қаныш Сәтбаевтың өңірдегі зерттеулері мен ғылымға қосқан үлесін насихаттайтын арнайы көрме ұйымдастырылды. Көрмеде ғалымның Ұлытау-Жезқазған аймағында өткізген 15 жылдық еңбегі мен тарихи мұрасы кеңінен таныстырылды.
Салтанатты жиыннан кейін Қарсақбай мектебінің ауласына ағаш көшеттері отырғызылып, табиғатты қорғау мен ұрпақ сабақтастығының белгісі ретінде маңызды акция өткізілді. Бұдан бөлек, музейде ардагерлерге арнайы экскурсия ұйымдастырылды.
Іс-шараға Жезқазған және Сәтбаев қалаларынан келген ардагер кеншілер мен металлургтер, мәдениет саласының өкілдері Жезді кентіндегі Мәкен Төрегелдин музейіне барып, өңір индустриясының тарихымен танысты. Музей қызметкерлері «Ежелгі Жезқазған шеберханалары» экспозициясында ашық аспан астында театрландырылған экскурсия ұсынып, қонақтарға ерекше әсер сыйлады.
Аталған тағылымды шара ұлы ғалымның мұрасын дәріптеп, жас ұрпаққа өнеге етуге бағытталған маңызды бастама болды.




