Шавкат Мирзиёев Қасым-Жомарт Тоқаевқа Бұхара қаласында өткен бейресми кездесу барысында бірқатар құнды тарихи құжаттарды табыстады.
Кездесу аясында Өзбекстан Президенті Қазақстан тарапына тарихи-мәдени мұраға қатысты архив материалдарын ұсынды. Атап айтқанда, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен Рәбия Сұлтан Бегім кесенесіне қатысты 1920–1950 жылдары Өзбекстан аумағында табылған құжаттар, сызбалар және фотосуреттер берілді.
Мамандардың айтуынша, аталған материалдардың басым бөлігі осы уақытқа дейін ғылыми айналымға енгізілмеген. Бұл олардың тарихи-мәдени маңызын арттыра түседі және отандық ғылым үшін тың дереккөз бола алады.
Берілген құжаттар қазақ халқының рухани және мәдени мұрасын тереңірек зерттеуге мүмкіндік беріп, екі ел арасындағы тарихи сабақтастықты нығайтуға ықпал етеді. Сонымен қатар, бұл бастама Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың жоғары деңгейде екенін көрсетеді.
Жалпы, архив материалдарының табысталуы – ортақ тарихи мұраны сақтау мен зерделеуге бағытталған маңызды қадам болып табылады.




