Құрылтай – халқымыздың көне дәстүрлерінің бірі. Тарихқа көз жүгіртсек, қазақ халқы маңызды мәселелерді әрдайым ақылдасып, кеңесіп шешкен. «Кеңесіп пішкен тон келте болмас» деген нақыл сөз де осыдан қалған. Халық ел мен жер тағдырына қатысты күрделі мәселелерді алқалы жиындарда талқылап, ортақ шешімге келген.
Өткен тарихта ел тағдыры шешілген құрылтайлар аз болмаған. Мысалы, Талас өзені бойында өткен маңызды жиыннан кейін Алтын Орда дербес мемлекет ретінде жарияланғаны айтылады. Сондай-ақ ел басына қауіп төнген кезде үш жүздің батырлары мен билері Ордабасы мен Қарақұм өңірінде бас қосып, халықты бірлікке шақырып, жауға қарсы күш біріктірген.
Бүгінде осы тарихи дәстүр жаңа мазмұнда жалғасын табуда. Қасым-Жомарт Тоқаев бастамасымен құрылған Ұлттық құрылтай қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылайтын маңызды алаңға айналды. Бұл құрылым халықтың пікірін ескеріп, ұлттық құндылықтарды нығайтуға бағытталған.
Қазіргі таңда құрылтайда көтерілген ұсыныстар мен ой-пікірлер ел дамуына ықпал етіп, қоғамның бірлігін арттыруға қызмет етіп келеді. Сондықтан құрылтай – өткен мен бүгінді жалғаған, халықты ортақ мақсатқа ұйыстыратын маңызды институт.




