Бүгін Ұлытау облысының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде Ашық есік күні өтуде. Аталған шараның мақсаты – түрлі жанжалды жағдайларға тап болған азаматтарға қолдау көрсетіп, дауларды бейбіт жолмен шешуге жәрдемдесу.
Іс-шара аясында Медиация орталығының кәсіби медиаторлары тұрғындарға тегін консультациялар ұсынады. Мамандар келушілерге жанжалдың мәнін тереңірек түсінуге, мәселеге басқа қырынан қарауға және екі тарапқа да тиімді шешім табуға бағыт-бағдар береді.
Ашық есік күніне отбасылық келіспеушіліктер, еңбек ұжымындағы даулар немесе күнделікті өмірдегі түрлі түсініспеушіліктер бойынша көмек іздеген кез келген азамат қатыса алады. Әрбір өтініш иесіне жеке көңіл бөлініп, олардың мәселесі мұқият тыңдалып, тиісті кеңес беріледі.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар қоғамдағы өзара түсіністік пен келісімді нығайтуға, сондай-ақ дауларды сотқа жеткізбей шешу мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.
Ашық есік күні – әр азаматқа өз мәселесін ашық айтып, білікті мамандардан көмек алуға берілген мүмкіндік.




