Ұлытау облысы аумағына Шығыс Қазақстан облысы делегациясы арнайы жұмыс сапарымен келді. Сапардың негізгі мақсаты – ауыл шаруашылығы саласында жүзеге асырылып жатқан жобалармен танысу және өңіраралық тәжірибе алмасу болды.
Іссапар аясында қос өңір арасында өзара ынтымақтастықты дамытуға бағытталған меморандумға қол қойылды. Бұл құжат алдағы уақытта бірлескен жобаларды жүзеге асыруға, ауыл шаруашылығы мен басқа да салаларда тиімді серіктестікті нығайтуға негіз болады.
Делегация мүшелеріне өңірдің туристік әлеуеті де кеңінен таныстырылды. Қонақтар тарихи-мәдени нысандарды аралап, аймақтың туризм саласындағы мүмкіндіктерімен танысты. Бұл бағыттағы жұмыстар өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға ықпал етеді.
Сонымен қатар, делегация өкілдері республикада теңдесі жоқ «Отбасылық ферма» жобасы аясында жүзеге асырылып жатқан бастамалармен танысты. Аталған жоба ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға, жұмыспен қамтуды көбейтуге және агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға бағытталған.
Сапар барысында Жезқазған қаласында салынып жатқан жылдық қуаттылығы 10 мың тонна болатын көкөніс пен жеміс-жидек сақтау қоймасының құрылысы да таныстырылды. Бұл нысан өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және ауыл шаруашылығы өнімдерін тиімді сақтауға мүмкіндік береді.
Жалпы, аталған жұмыс сапары өңіраралық байланысты нығайтып, тәжірибе алмасу арқылы ауыл шаруашылығы мен туризм салаларын дамытуға жаңа серпін берді.




