Мамыр айының ортасы мен соңына қарай ауа райының күрт өзгеруі жиі байқалады. Халық арасында бұл кезең «Құралайдың салқыны» деп аталып кеткен. Аталған құбылыс табиғаттың өзіндік заңдылығын көрсететін ерекше кезеңдердің бірі саналады.
«Қазгидромет» РМК баспасөз хатшысы Аружан Мұратованың айтуынша, бұл салқын кезең киіктердің төлдеу уақытымен тұспа-тұс келеді. Дәл осы уақытта ауа температурасы төмендеп, жел күшейіп, кей өңірлерде жауын-шашын болуы мүмкін. Мұндай өзгерістер қысқа мерзімді болғанымен, табиғат пен жануарлар тіршілігіне өзіндік әсерін тигізеді.
Халықтық түсінікте «Құралайдың салқыны» киіктердің лағы – құралайдың өмірге келуімен байланыстырылады. Табиғаттың осындай «салқындауы» жаңа туған төлдердің шынығып, өмірге бейімделуіне ықпал етеді деген ұғым бар. Бұл – ата-бабаларымыздың табиғат құбылыстарын жіті бақылап, оған өзіндік атау бергенінің айқын дәлелі.
Синоптиктердің мәліметінше, бұл кезеңде ауа температурасы бірнеше градусқа төмендеп, түнгі уақытта салқындық айқын сезіледі. Сондықтан тұрғындарға жылы киініп, ауа райының өзгерістеріне сақ болу ұсынылады.
Жалпы, «Құралайдың салқыны» – табиғаттағы маусымдық құбылыстардың бірі ғана емес, халқымыздың дүниетанымы мен өмір салтына сіңген ұғым. Ол табиғат пен адам арасындағы тығыз байланысты тағы бір мәрте дәлелдейді.




