Бүгін Қазақстан әдебиеті үшін маңызды оқиғалардың бірі орын алды. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Ұлытау өңірінің тумасы, көрнекті қаламгер Батырбек Мырзабеков беделді «Алаш» әдеби сыйлығы иегері атанды.
Салтанатты марапаттау рәсімінде бұл жоғары награданы Қазақстан Жазушылар одағы тағайындағаны атап өтіліп, марапатты Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Зина Ақылбекова табыстады. Жиын барысында қаламгердің қазақ әдебиетіне қосқан сүбелі үлесі ерекше аталып өтті.
Батырбек Мырзабеков – поэзия, проза және публицистика жанрларында қатар қалам тербеп жүрген өнімді автор. Оның «Тасбұлақ», «Ұлытаудың ұлымын», «Жеті қыз» сынды туындылары оқырман қауымның ықыласына бөленіп, ұлттық әдебиет қорын байытқан шығармалар қатарынан орын алды. Сонымен қатар ол журналистика саласында да ұзақ жылдар бойы табысты еңбек етіп келеді.
Айта кетейік, «Алаш» әдеби сыйлығы 1992 жылдан бері қазақ әдебиетінің дамуына елеулі үлес қосқан ақын-жазушыларға табысталып келеді. Дәстүр бойынша екі жылда бір рет берілетін бұл марапат – ұлттық руханиятты дамыту жолында еңбек еткен қаламгерлердің шығармашылығына берілетін жоғары баға.
Бұл марапат Батырбек Мырзабековтің шығармашылық жолындағы маңызды белес қана емес, сонымен қатар қазіргі қазақ әдебиетінің дамуына қосылған зор үлестің айқын көрінісі болып табылады.




