Бұған дейін де сан мәрте айтылды, тағы да қайталасақ еш артығы болмайды: Егер Жездінің марганеці дер уақытында табылмағанда Кеңес Одағының тағдыры не болатыны белгісіз еді.
Тіпті анығырақ айтатын болсақ,1985 жылы Мәскеудің «Международные отношения» баспаынан жарық көрген «Величие подвига советского народа.Зарубежные отклики» деген кітапта Курск түбіндегі танкілер шайқасында Кеңестер жеңілгенде, соғыстың түпкілікті жеңісі Германия жағында болатыны тайға таңба басқандай анық жазылған екен. «Курс түбіндегі шайқас пен Жездінің арасында қандай байланыс болуы мүмкін?». Міне, мәселе осында. Қандай байланыс бар екенін білгіңіз келсе, Медеу Сәрсекенің «Сәтбаев», «Қазақтың Қанышы» , Санжар Керімбайдың «Қаныш және ғылыми майдан» кітаптарын оқысаңыз, көп нәрсеге қанығасыз.

Ұлы Отан соғысы әлемдегі ең алғашқы техниканың, соның ішінде, танкілердің шұайқасы ретінде тарихқа енді. Өйткені, соғыстың басты қару – танк болды. Гитлерлік германия Еуропа елдерін қыдырып жүргендей, бірінен соң бірін басып өтіп, КСРО –ға соғыс ашқанда, 1941-дің 7 -қарашасында Мәскеуде әскери шеру өткізуді жоспарлаған еді. Бірақ, бұл ойлары жүзеге аспады, олар Мәскеуді дүрбімен ғана көру «бақытына» бөленді.»Мұндай қарсылыққа тап боламыз «деген ойымывзға кіріп те шықпаған еді» деп жазды кейін неміс офицерлері. Бұл Кеңес жауынгерлерінің өршіл рухын көрсетеді. Дегенмен, мұздай қаруланған жау әскеріне жалаңаш қолмен төтеп беру мүмкін емес еді. Ал, танк жасауға аса қажетті марганец кен орындарын, яғни, Украинадағы Никополь мен Кавказдағы Чиатураны фашистер басып алғаннан кейін жағдай қиындап кетті. Кеңес одағы сонау Канадан аса қымбат бағаға марганец сатып алуға мәжбүр болды. Бірақ, бұл тығырықтан шығудың түпкілікті жолы болмайтынын түсінген Сталин барлық республика басшыларына «өлсеңдер де тірілсеңдер де марганецтің мол қорын табыңдар» деген талап қойды. Қазақстанды о кезде Н.Скворцов деген басқаратын. Ол Мәскеудің тапсырмасын елдегі басшыларға, ғалымдарға жеткізді. Қаныш Сәтбаев марганецтің мол қоры Жездіде боолу керектігіне сенімді еді. Бірақ, кезінде қаржының жеткілікті бөлінбеуінен бұл бағыттағы зертеу жұмыстары тоқтап қалған еді. Ол өзі жақсы сенетін гелог Иосиф Николаевич Богданчиков есімді гелогты Ресейде іссапарда жүрген жерінен дереу республикаға шақыртып алды да, Жездіге жіберді. Обалы нешік, И.Богданчиков үмітті ақтады, кен қорын тауып, есебін шығарып, Алматыға, Қаныш Имантайұлына жіберді.
И.Богданчиковтың тапқан кеніне кәсіби тұрғыдан сараптама жасап, қорытынды беруге тиісті мамандар сақтық жасап, кен қорын азайтып көрсетеді. Мұны байқап қалған Қаныш Сәтбаев : – Марганец 5 млн. тоннадан көп болмаса аз емес. Бұдан аз болса соттап жіберсін –деген Қанкең бар жауапкершілікті өз мойнына алады. Жергілікті комиссияға өз қорытындысын ұсынып еді, олар сенімсіздік танытты. Мәскеуден келгендер де Қаныш Сәтбаевтың тұжырымына келіскісі келмеді. Өйткені, ертең айтьылған қор кем шығып жатса, бастары кететіні анық еджі. Ал, Қанекең болса, дегенінен қайтпады. Ол Бүкілодақтық Геология қызметінің басшылығына шықты. Көптеген геологтардың қиын сәтте қарақанбастарын күйттеп, сыр беріп жатқандарын жасырмады. Осыдан соң Н.Скворцовтың кабинетінде тағы да алқалы жиын өтті. Бұл жиында Қаныш Сәтбаев ең соңынан сөйледі. Сөйлегенде, өзіне дейінгілердің сөздерінің дәлелсіз екендерін дәлелдеп сөйледі. Жиын қорытындысы Мәскеуге, сол кездегі КСРО Қара металлургия министрі Иван Тевосянға жолданды. Екі күннен кейін Сталин Жезді кенін игеру туралы пәрмен берді. Сталиннің алабы да өте қатал болды. Ол «Бір жарым айдың ішінде Жезді марганеці Оралдағы зауытқа жөнелтілетін болсын» деді. Сол – ақ екен Мәскеудің, Алматының мамандары Жездіге ағылды.
«Арқаның ақырған аязы тіршілік атаулыны тарының қауызына тыққандай қысып тұрды. Кейде боран апталап соғады. Осындай қысылтаяң күндерде Мәскеуден келген мемлекеттік комиссия мүшелерін Жездіге атшанамен жеткіздім. Ойланып -толғануға уақыт жоқ еді, қателесуге тағы уақыт көтермейді.Сол жылдың мартында 100 автокөлік, бірнеше трактор, тақтай үйлердің құрастырмалы қабырғалары Жездіге табан тіреді. Адам айтқысыз ауыр жағдайда кен орнын игеру басталды» деп жазып кеткен екен өзінің күнделігіне Жезді кенішін іске қосудың басы – қасында болған мамандардың бірі Нұрманбек Сердалинов.
Соғыс жағдайына байланыста кеніш құрылысы жобалау құжаттарын жасамай –ақ жүргізілді. Құрылысқа қажетті құрал-жабдықтарды жеткізуді Мәскеудегі министр Тевосян жеке жауапкершілігіне алып, қадағалап отырды. Алғашында адамдар шатырлар мен киіз үйлерде тұрды.Кейін тұрмысқа қажетті барқтар, асхана, монша, наубайхана салынды.
1942 жылы шамамен төрт мыңдай адам жанқиярлықпен жұмыс істеді. Кен ашық әдіспен, тіпті қолдың күшімен атқарылды. Күрек, қайла балға, компрессор – техниканың осы түрі болды. Мысалы, екі бұрғышы бір ауысымда бар болғаны 40-50 см бұрғыманы қолмен бұрауға шамасы келді. Әр жұмыскер күніне 10-16 сағат жұмыс істеді. Әр кеншінің күндік нормасы 16 тонна кен болды. Жұмыс қиындығына қарамастан, күндік норманы 20-30 тоннаға жеткізіп отырған үздіктер де болды. Күніне әр жұмыскерге 800 грамм нан берілді. Кейіннен майданнан техникалар келе бастады. Өндірістік қажеттілікке байланысты Жезқазған қалашығының маңындағы Весовая кенті мен Жезді арасында темір жол салынды.

Осылайша, Жездінің басы адамға да, техникаға да толды. Көлік жүргізуге жергілікті қыз – келіншектер де тартылды. Олар небәрі 2-3 күнде көлік жүргізуді игеріп алып жатты. Адамдар небәрі 4 сағат ұйықтайтын. Ас ішіп , әл жинап алуға бар –жоғы -30 минут берілетін.Оқ атылып, бомба жарылып жатпады демесеңіз, мұның соғыстан несі кем? Ақыры, 38 күн дегенде кеніш іске қосылып, марганец тиелген вагондар Оралдағы танк зауытына бет алып бара жатты. Бұл – 1942 жылғы маусымның 12-жұлдызы болатын.
Осыдан соң, танкі зауыттары оқ өткізбейтін сауытты сол заманғы озық Т-34 танктерін көптеп шығара бастады. А.М.Арзуманянның «Иван Тевосян» деп аталатын кітабында КСРО Қара металлургия министрі И.Тевосянның марганец өндірушілерге арнап айтқан «құстың сүтін тауып бер десеңдер тауып берейін, бірақ марганец жіберулеріңді тоқтатпаңдаршы!» деген сөзін келтіреді екен. Ал, қажетті марганецтің 71 пайызын Жезді кеніші жіберіп тұрған.
Қазір кейбір керенауыздар «Германия жеңгенде Бавария сырасын ішіп жүретін едік» деп те бөсіп қоятыны бар. Ал, шын мәнінде, фашистердің жорспары бойынша, Кеңес Одағының 120 миллион адамы 20 жыл мұғдарында газ пештері арқылы жойылуы тиіс болатын.
Соғыс уақытында Қарағанды көшелерінде Сталиннің «Бізге нан қандай қымбат болса, Қарағандының көмірі де Отан үшін сондай қымбат!» деген көрнекі жазулар ілулі тұрады екен. Бұдан майдан қажетіне көмірдің қаншалықты қажет болғанын байқауға болады. Ол сияқты, марганецке де аса қатты көңіл бөлінгені соншалық қашан кеніш қосылғанға шейін Сталиннің тікелей өзі күніне бір мәрте хабарласып тұрған екен деген де сөз бар. Никополь мен Чиатураны қолдарына қаратқан соң, фашистік Германия басшыларының бірі Гимлер радио арқылы «Сталин ең маңызды кеніштерінен айрылды. Енді орыстың танкісін пласталин секілді илей береміз» деп масаттана жар салған екен. Жезді кеніші іске қосылғанын естіген Гитлер «Оңбаған Сталин қайдағы бір Жезді дегенді тауып алған көрінеді» деп үстелдің үстін жындана соққылаған деседі. Бұл айтылғандардың рас – өтірігіне бәстесіп жатпайық. Ең бастысы, Жездінің марганеці соғыстың басты қару – танк жасауда аса зор мәнге ие болды. Соның арқасында Сталиннің көңілі орнына түсті. Ұлы Жеңістің жұлдызын жаққан Жезді деп әспеттеп отырғанымыз да сондықтан. Меніңше, алдағы 80 жылдық мерке аясында мемлекет тарапынан Жездінің Ұлы Жеңіске қосқан орасан зор үлесі лайықты түрде бағалануы тиіс.
Жезді кеніші Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың ғылыми зерттеуінің ешқашан қате кетпейтінін айғақтаған тағы бір жемісті еңбегі болды.
Абдолла Нұртауұлы