Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспековтің төрағалығымен кезекті аппарат жиыны өтті. Кеңесте 2026 жылға арналған мемлекеттік сатып алу жоспары, сондай-ақ мемлекеттік қызметтер көрсету саласының 2025 жылғы қорытындысы мен алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттер қаралды.
Жиын барысында өңір басшысы өткен жылы қаржы игеру көрсеткіштері жалпы алғанда қанағаттанарлық деңгейде болғанын атап өтті. Сонымен қатар, биыл бұл бағыттағы жұмысты одан әрі жүйелі әрі қарқынды жүргізу қажеттігіне тоқталды. Осыған байланысты бюджеттік бағдарламалар әкімшілеріне мемлекеттік сатып алу жоспарына сәйкес бекітілген конкурстарды уақтылы жариялау үшін қажетті өтінімдерді сатып алу басқармасына жоспарланған мерзімде жолдау тапсырылды.
Кеңес барысында мемлекеттік қызметтер көрсету саласында орын алған бірқатар заңбұзушылықтар да сөз болды. Облыс әкімі бұл кемшіліктердің халықтың өмір сүру сапасына тікелей әсер ететінін атап өтіп, жауапты құрылымдарға нақты тапсырмалар жүктеді. Атап айтқанда, цифрлық технологиялар басқармасына қала және аудан әкімдерімен, сондай-ақ салалық басқармалармен бірлесіп, анықталған олқылықтардың қайталануына жол бермеу мақсатында нақты іс-шаралар жоспарын әзірлеп, бекіту тапсырылды.
Сонымен қатар мемлекеттік органдардың қызмет көрсету сапасына тоқсан сайын талдау жүргізіп, тиісті ақпаратты жүйелі түрде енгізіп отыру міндеті қойылды.
Жиын қорытындысында өңір басшысы барлық мемлекеттік мекемелердің мемлекеттік қызметтер көрсету кезінде қолданыстағы заңнама талаптарын қатаң сақтауы тұрақты бақылауда болатынын атап өтті.




