Қоғамда мемлекет қызметкері туралы әртүрлі пікірлер бар. Олардың еңбектерін, қоғамдағы орындарын біреу дұрыс, енді біреу бұрыс бағалап жатады. Ұшқары пікірлердің туындауына көбіне – көп мемлекет қызметкерлеріне қойылатын қарапайым талаптарды, оларға тиісті заңдар, ережелер арқылы қандай шектеулер бар екенін былайғы көпшіліктің біле бермейтіні өз әсерін тигізіп жатады. Сондай –ақ, мемлекет қызметкерлерінің де солбелгіленген тәртіпті, ережені сақтай бермейтін сәттері де кездесіп жатады. Сондықтан да біз Сәтбаев қаласы әкімінің аппарат жетекшісі, Әдеп жөніндегі уәкіл Ақтолқын Бегежанованы сөзге тартып, осы тақырыптарды қаузаған едік.
- Ақтолқын Хамитқызы, мемлекет қызметкері қандай болу керек?
- Мемлекет қызметкеріне қойылатын арнайы Заңда белгіленген тиісті талаптар бар. Егер бір аукыз сөзбен айтар болсақ, мемлекет қызметкерінен мұнтаздай тазалық талап етіледі..
- Енді осыны тарқатып айтасыз ба?
-Айтуға болады. Мысалы, сіз мемлекет қызметкерінің этикасы дегенді есітіп жүрген болуыңыз мүмкін. Ал, бұл не деген сөз? Қандай – қандай талаптары бар? Міне, осыған тоқтала кетсем...
Мемлекеттік қызметшінің этикасы – бұл оның қызмет барысында да, қызметтен тыс уақытта да адалдықты, әділдікті және жауапкершілікті ұстануын көздейтін мінез-құлық талаптарының жиынтығы. Бұл нормалар Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметшілеріне арналған Этикалық кодексте нақты айқындалған.
Осы Этикалық Кодексте мемлекет қызметкеріің азарт ойындарына қатысына қатаң тыйым салынған. Этикалық кодекске сәйкес, мемлекеттік қызметші өз беделіне және мемлекеттік қызметтің абыройына нұқсан келтіретін әрекеттерден аулақ болуы тиіс. Азартты ойындарға қатысу қоғам тарапынан теріс бағаланып, мемлекеттік қызметшіге деген сенімді төмендетуі мүмкін. Азарт ойындардың сыбайласқан жемқорлыққа ықпалы болуы мүмкін бе, жоқ па? Бір қарағанда, еш қатысы жоқ секілді көрінуі мүмкін. Бірақ, олай емес. Әрине, ықпал етеді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамада тәуекелдерді азайту негізгі қағидалардың бірі ретінде белгіленген. Азартты ойындарға әуестік қаржылық қиындықтарға алып келіп, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарына себеп болуы мүмкін.
Мемлекеттік қызметші өз мінез-құлқы үшін толық жауап береді. Ол заң талаптарын және этикалық нормаларды сақтауға, сондай-ақ қоғамның сенімін ақтауға міндетті. Бұл – кәсіби жауапкершіліктің ажырамас бөлігі. Теріс сәрекеттерге жол бермеу үшін әрине, ең алдымен, мемлекет қызметкерлері арасында түсіндіру және алдын алу жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуі қажет. Сонымен қатар, олардың құқықтық және этикалық мәдениетін арттыру маңызды.
Этикалық талаптарды сақтау – мемлекеттік қызметші үшін тек заң талабы емес, сонымен қатар қоғам алдындағы моральдық міндет. Азартты ойындардан бас тарту мемлекеттік қызметтің тазалығы мен беделін сақтауға ықпал етеді.
-Біздің еліміз - зайырлы мемлекет. Жаңа Конституция жобасында дін мен мемлекеттің бөлектігі туралы анық жазылған бап бар екенін көрдік. Дін және мемлекет қызметкері. Осы тақырыпқа не айтасыз?
- Діни ұстанымға қатысты қандай талаптар бар? Бұл жөнінде Этикалық кодекске сәйкес, мемлекеттік қызметші өз қызметін атқару кезінде діни бейтараптық қағидатын ұстануы тиіс. Яғни, жеке діни көзқарастарды қызметтік қатынастарда көрсетуге жол берілмейді. Қызмет барысында діни тақырыпта пікір айтуға бола ма? Жоқ. Мемлекеттік қызметші қызметтік ортада діни мәселелерді талқыламауы, өз көзқарасын насихаттамауы тиіс. Бұл басқа азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын шектеуі мүмкін. Демек, мемлекеттік қызметші жеке көзқарастарын қызметтік міндеттерінен бөле білуі керек. Этика талаптарын сақтау – қоғам сенімінің негізгі кепілі.
- Мемлекет қызметкері болу үшін конкурстан өту міндетті ма?
- Мемлекеттік қызметке қабылдау конкурстық және конкурстан тыс тәртіппен жүзеге асырылады. Негізгі қағидат – ашық конкурс, алайда заңда нақты көрсетілген жағдайларда ерекше тәртіп қолданылады. Конкурстан тыс тағайындауларға қандай жағдайда жол беріледі? Мұндай тағайындаулар заңмен белгіленген санаттарға қатысты жүргізіледі. Оларға Президенттік жастар кадр резервінің мүшелері және жоғары оқу орындарын үздік аяқтаған, GPA көрсеткіші 3,33-тен төмен емес түлектер жатады. Мұндағы мақсат не? Бұл – мемлекеттік басқару жүйесіне білімді, қабілетті және әлеуеті жоғары кадрларды тарту мақсатынан туындаған қадам. Бұл мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттыруға бағытталған.
Этикалық кодекске сәйкес, кез келген кадрлық шешім әділдікке, ашықтыққа және заңдылыққа негізделуі тиіс. Конкурстан тыс тағайындаулар да тек кәсіби көрсеткіштерге сүйеніп жүзеге асырылуы қажет.
- Мұндай тағайындаулар сыбайлас жемқорлыққа жол ашпай ма?
- Жоқ, себебі мұндай тағайындаулар нақты өлшемдерге негізделген. Бұл субъективті шешімдер мен мүдделер қақтығысының алдын алуға мүмкіндік береді.
- Біздің қалада бұл тәжірибе өмірге енгізілді ме? Яғни, конкурстан тыс тағайындаулар болды ма?
-Ия. 2025 жылы жоғары оқу орындарын үздік аяқтаған үш түлек төменгі лауазымдарға қабылданды. Сонымен қатар, Президенттік жастар кадр резервінен бір қызметкер басшылық лауазымға тағайындалды.
Конкурстық және заңмен реттелген конкурстан тыс тағайындаулар мемлекеттік қызметке білікті кадрларды тартуға, әділдікті қамтамасыз етуге және қоғамның мемлекеттік аппаратқа деген сенімін арттыруға ықпал етеді.
-Жақсы, рахмет! Мемлекеттік қызмет туралы тақырыпқа алдағы уақытта тағы да айналып соғатын шығармыз. Өйткені,бұл жалпы жан – жақты, ауқымы кең тақырыптың бірі ғой.
Көркем Кемеңгер.




