Конституцияның жаңа редакциясын әзірлеу және оны талқылау үдерісі шамамен алты айға созылды. Бұл жұмыс Мемлекет басшысы 2025 жылғы 8 қыркүйекте Қазақстан халқына Жолдауында парламентті реформалау бастамасын жариялаған сәттен бастау алды.
Осы бастаманы іске асыру мақсатында өткен жылдың қазан айында парламенттік реформа жөніндегі Жұмыс тобы құрылып, ол заңнамаға өзгерістер енгізу мәселелерімен жүйелі түрде айналысты. Сонымен қатар реформаны талқылау тек аталған топтың аясымен шектелмей, кең қоғамдық сипат алды.
2024 жылдың қазан айынан бастап e-Otinish және eGov платформаларындағы «Парламенттік реформа» бөлімі арқылы азаматтардан, сарапшылар мен қоғамдық ұйымдардан жүздеген ұсыныс келіп түсті. Бұдан бөлек, саяси партиялар мен өзге де қоғамдық бірлестіктерден Конституция нормаларын қайта қарауға қатысты 1600-ден астам ұсыныс ұсынылды.
Осы ұсыныстардың негізінде Конституциялық реформа жүргізу және Конституциялық комиссия құру туралы шешім қабылданды. Мемлекет іске қосқан кері байланыс тетіктері қоғамның түрлі көзқарастары мен нақты сұраныстарын ескеруге мүмкіндік берді.
Нәтижесінде Конституцияға енгізілген өзгерістер Кіріспеден бастап мемлекеттік басқару, сот төрелігі, конституциялық құрылыс негіздері мен азаматтардың басқаруға қатысу тетіктеріне дейінгі барлық бөлімдерді қамтыды.




