Конституцияның жаңа редакциясы — қоғамның кең қатысуымен әзірленген маңызды саяси құжат. Оны талқылау және дайындау шамамен алты айға созылды. Бұл үдеріс Мемлекет басшысы 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында парламенттік реформаны жариялаған кезден бастау алды.
Өткен жылдың қазан айында парламенттік реформа жөніндегі Жұмыс тобы құрылып, заңнамаға өзгерістер енгізу бойынша белсенді жұмыс жүргізді. Алайда реформаның басты ерекшелігі — оның ашық форматта жүзеге асуы болды.
Азаматтар мен сарапшылар e-Otinish және eGov платформалары арқылы өз пікірлері мен ұсыныстарын жолдап, талқылауға тікелей қатысты. Сонымен қатар саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардан 1600-ден астам ұсыныс түсті.
Бұл ұсыныстар қоғамдағы түрлі көзқарастар мен нақты сұраныстарды көрсетіп, Конституциялық комиссия құру туралы шешім қабылдауға негіз болды. Комиссия барлық ұсыныстарды біртұтас жоба ретінде қарастырып, Конституцияның барлық бөлімін қамтыды.
Осылайша бұрынғы бытыраңқы өзгерістер тәжірибесінен бас тартылып, мазмұны мен құрылымы жағынан үйлескен жаңа Конституция қалыптасты.




