2026 жылғы 13 сәуірде «Заң және тәртіп» қағидаттарын жүзеге асыру шеңберінде Ұлытау облысы Әділет департаменті мен Ұлытау облысы әкімдігі бірлесіп, атқарушылық іс жүргізу мәселелеріне арналған түсіндіру іс-шарасын ұйымдастырды.
Іс-шараның басты мақсаты – тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру, атқарушылық іс жүргізу саласындағы заңнамалар мен тетіктерді түсіндіру, сондай-ақ азаматтардың өз құқықтары мен міндеттерін дұрыс түсінуіне ықпал ету болды.
Кездесу барысында қатысушыларға атқарушылық іс жүргізудің ақпараттық жүйесі, оның ішінде «тараптар кабинеті» қызметінің мүмкіндіктері таныстырылды. Аталған жүйе арқылы азаматтар өз істерінің орындалу барысын бақылап, қажетті мәліметтерге жедел қол жеткізе алады. Сонымен қатар, проблемалық алименттерді өндіру мәселесі кеңінен талқыланып, бұл бағыттағы заң талаптары мен қолданыстағы шаралар түсіндірілді.
Шара ашық форматта өтіп, тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, сала мамандарынан нақты әрі жан-жақты жауап алды. Мұндай кездесулер халық пен мемлекеттік органдар арасындағы байланысты нығайтып, құқықтық мәселелерді дер кезінде шешуге мүмкіндік береді.
Іс-шара соңында Әділет департаменті басшысының орынбасары М. Қайруллаев азаматтарды жеке қабылдап, олардың жеке мәселелері бойынша құқықтық кеңестер берді.
Жалпы, мұндай түсіндіру жұмыстары «Заң және тәртіп» қағидаттарын нығайтуға, қоғамда құқықтық мәдениетті қалыптастыруға және азаматтардың заңға деген құрметін арттыруға бағытталған маңызды қадам болып табылады.




