Биыл Жезқазған және Сәтбаев қалаларында жол инфрақұрылымын дамыту және көлік қозғалысының қауіпсіздігін арттыру мақсатында бірқатар ауқымды жұмыстар жоспарланып отыр.
Жезқазған қаласында жол сапасын жақсарту бағытында 13 көшеге жаңа асфальт төсеу көзделген. Сонымен қатар 12 тұрғын үй орамында аулаішілік жолдар жөндеуден өтеді. Бұл жұмыстар қала тұрғындарының қозғалысқа қолайлы әрі қауіпсіз жағдайын қамтамасыз етуге бағытталған.
Одан бөлек, облыс орталығында жол қозғалысын ұйымдастыру шаралары да жүзеге асырылады. Атап айтқанда, 4,3 шақырым жолға арнайы жол таңбалары сызылып, 130 жаңа жол белгісі орнатылады. Сонымен қатар 17 шақырым жолға заманауи пластикалық жол таңбаларын төсеу жоспарланған. Жоспарланған жұмыстар кезең-кезеңімен 1 мамырдан бастап іске асырыла бастайды.
Ал Сәтбаев қаласында биыл 25 көше орташа жөндеуден өтеді. Жөнделетін жолдардың жалпы ұзындығы 19,8 шақырымды құрайды. Оның ішінде 19 көшенің жөндеу жұмыстары тұрғындардың ұсыныстары негізінде бекітілген арнайы тізім бойынша жүргізілмек.
Сонымен қатар негізгі құрылыс жұмыстары басталғанға дейін қала жолдарында салқын асфальт төсеу жұмыстары қолға алынады. Бұл әдіс асфальт-бетон зауыттары толық іске қосылғанға дейін жолдардың уақытша жағдайын жақсартуға және көлік қозғалысына қолайлы орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Жоспарланған жұмыстар қалалардың көлік инфрақұрылымын жаңғыртып, жол қозғалысының қауіпсіздігі мен тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған.




