Жаңа Конституция жобасына байланысты бүкіл республика көлемінде кең ауқымды әрі мазмұнды пікірталас жүріп жатыр. Бұл – ел болашағын айқындайтын стратегиялық құжатқа әр азаматтың бейжай қарамайтынын көрсететін оң үрдіс.
Ұсынылған түзетулердің басым бөлігі мемлекеттің іргелі институттарын тұжырымдамалық тұрғыда жаңғыртуға бағытталған. Сонымен қатар, сарапшылар ұсынған бірқатар идеялар жинақталған тәжірибеге сүйене отырып, Конституция нормаларын эволюциялық жолмен жетілдіруді көздейді.
Ең бастысы – Конституция жобасында адамның құқықтары мен бостандықтары толық сақталып қана қоймай, кей тұстарда күшейтілген. Преамбулада азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын бұлжытпай сақтау мемлекеттің негізгі қағидаттарының бірі ретінде алғаш рет нақты айқындалды. Бұл адам құқықтарының басымдығы барлық қоғамдық институттардың негізіне айналғанын білдіреді.
Жоба адам құқықтары бөлімін үш негізгі тірекке – құқықтар, бостандықтар және міндеттерге негіздейді. Бұл жеке мүдде мен қоғамдық жауапкершілік арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етуге бағытталған. Жеке басының қол сұғылмаушылығына қатысты қамауда ұстау тек сот шешімімен жүзеге асырылатыны және сотқа дейінгі мерзімдердің заңмен белгіленетіні нақты көрсетілген.
Сонымен қатар, цифрландыру дәуірінде жеке өмірге қол сұқпау, дербес деректерді қорғау, ақпараттық қауіпсіздік мәселелері де айқындалған. Сөз бостандығы халықаралық стандарттарға сәйкес реттеліп, өзге адамдардың құқықтары мен қоғам мүддесін қорғау қағидатымен үйлестірілген.
Өлім жазасына қатысты норма мазмұндық тұрғыда күшейтіліп, оның толық әрі түпкілікті тыйым салынғаны бекітілген. Қазақстанның зайырлы сипаты сақталып, ар-ождан бостандығына кепілдік берілген. Неке тек мемлекет тарапынан тіркелетіні және ер мен әйелдің тең құқықты екені нақты айқындалған. Бұл көпұлтты әрі көпконфессиялы қоғам үшін аса маңызды қағида.
Аманжол Каримов,
ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің
Ұлытау облысы бойынша өкілі.




