20 наурыз – Ұлттық спорт күніне орай Жезқазған қаласындағы «Жігер» дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде өңірдегі спорт мекемелері арасында ауқымды мерекелік сайыс ұйымдастырылды.
Іс-шара ұлттық салт-дәстүр мен спортты ұштастыра отырып, «Үздік киіз үй», «Ұлттық салт-дәстүр» және «Ұлттық спорт» бағыттары бойынша өткізілді. Қатысушылар қазақ халқының бай мәдени мұрасын дәріптеп, ұлттық ойындар мен спорттық дәстүрлерді кеңінен насихаттады.

Сайыстың басты мақсаты – ұлттық құндылықтарды ұлықтау, салт-дәстүрлерді жаңғырту және ұлттық спорт түрлерін дамытуға серпін беру. Бұл іс-шара жастарды және қоғамның барлық мүшелерін қазақ ұлттық мәдениеті мен спортқа қызықтыруға бағытталған.

Сайыс қорытындысы бойынша:
І орын – Футболдан облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі;
ІІ орын – Сәтбаев қаласындағы мамандандырылған олимпиадалық резервтегі балалар-жасөспірімдер спорт мектебі;
ІІІ орын – Облыстық мамандандырылған олимпиадалық резервтегі балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі.
Шара жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қатысушылар мен көрермендерге мерекелік көңіл-күй сыйлады. Ұлттық спорт күніне арналған бұл сайыс өңірде мәдениет пен спортты дамытуға жаңа серпін берді және дәстүрлі құндылықтарды дәріптеу жолында маңызды қадам болды.





