Қазіргі заманда ғылым мен білімнің дамуы мемлекеттердің өркендеуімен тікелей байланысты. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, ғылымдағы нәтижеге жетудің басты шарты – адам капиталына баса мән беру. Яғни, әрбір азаматтың қабілеті, білімі және шығармашылық әлеуеті – елдің ең басты ресурсы болып саналады.
Мемлекет басшысы өскелең ұрпаққа тәрбие беру мен азаматтарды қолдауды әлеуметтік әділдік, жасампаз отаншылдық және еңбекқорлық тұрғысынан қайта қарау қажеттігін атап өтті. Бұл – патернализм моделі, яғни тек мемлекет тарапынан қарапайым қамқорлық көрсету қағидасынан, адамның өз қабілеті мен мүмкіндіктерін дамытуды басты ресурсқа айналдыратын өркениетті трансформациялау үлгісіне өту деген сөз.
Жаңа Конституцияның адамға бағдарлануы тегін емес. Ол – елдің дамуының негізгі бағыттарының бірі, халықтың өмір сапасын арттыру мен білім, ғылым, инновация саласында серпінді дамуды қамтамасыз етуге бағытталған. Адам капиталын дамыту арқылы мемлекет экономикалық, ғылыми және әлеуметтік тұрғыда берік негізге ие болады.
Қорытындылай келе, Қазақстанның болашағы – әрбір азаматтың қабілетіне, білім мен еңбекке негізделген қоғамда. Ғылым мен білімге инвестиция салу, жастарды қолдау және азаматтардың мүмкіндіктерін ашу – елді өркениетті әрі бәсекеге қабілетті мемлекетке айналдырудың басты кепілі.




