Жезқазған қаласында азаматтық қорғау саласына арналған «112 KZ» тележобасының кезекті шығарылымы түсірілді. Аталған жоба өңірдегі төтенше жағдайлар қызметінің жұмысын кеңінен насихаттауға бағытталған.
Түсірілім барысында құтқару қызметінің күнделікті атқаратын міндеттері, шұғыл жағдайларда әрекет ету тәртібі және арнайы техникалардың мүмкіндіктері көрсетілді. Өндірістік аумақта ұйымдастырылған жұмыс көріністері арқылы мамандардың кәсіби дайындығы мен үйлесімді әрекеті бейнеленді.
Бағдарламаға Ұлытау облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері қатысып, өңірдегі қауіпсіздік жүйесінің қазіргі жай-күйі мен жаңартылған материалдық-техникалық база туралы мәлімет берді. Сонымен қатар халықтың төтенше жағдай кезіндегі іс-қимыл мәдениетін арттыру мәселесіне ерекше назар аударылды.
Жобаның негізгі мақсаты – азаматтық қорғау саласының ашықтығын қамтамасыз ету және тұрғындардың қауіпсіздік жөніндегі білімін арттыру.
«112 KZ» бағдарламасының жаңа шығарылымы алдағы күндері облыстық телеарна эфирінде көрсетіледі.




